Шымқаланы көркейту, көріктендіру ісіне жауапты мамандар болашақта тағы да 80 гүлзар ашуды көздеп отыр. Бұл шамамен 70 гектарды құрайды.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ілиясовтың мәлімдеуінше, ол үшін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, орындары анықталмақшы.
– Шымкент-Сити шағын ауданында аумағы 40 гектарлық, Тұран шағын ауданында 37 гектарлық, ал, Сәуле шағын ауданында 2,5 гектарлық саябақ ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, — дейді Ғалымжан Молдабайұлы.
Осылайша мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында тың жобалар жүзеге аспақ. Бұл қала аумағын көгалдандыруда біршама мәселені шешетіні анық.