Шымкентте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «WorldSkills Shymkent – 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының қалалық кезеңі өтті. Аймақтық чемпионатқа Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 15 колледж атсалысты. Оқу ордаларының базасында өткен чемпионат жұмысына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы барып, танысты. Чемпионат көрмесі мазмұнды болды.
Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 36 колледжде 33 мыңнан астам студент білім алуда. Оның 11 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін біліммен қамтамасыз етілген. Колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту маман иелерін даярлауда білім сапасын жақсартуға едәуір әсері бар.
– Республикалық «Жас маман» бағдарламасы аясында қаламыздағы бірқатар колледждердің базасы жабдықталды. Бүгін «WorldSkills Shymkent – 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңі мәресіне жетіп отыр. Сайыстың тартысты өткенін қатысушылар арасындағы бәсекелестіктің, жұмыс сапасының артқанынан көріп отырмыз. Аймақтық кезең жеңімпаздары алдағы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық, Шанхайда өтетін халықаралық кезеңдерде де үмітімізді ақтап, жүлделі орындардан көрінеді деген сенімдеміз, — деді ШыңғысЖұмабекұлы жеңімпаздарды құттықтау салтанатты шарасында.
Айта кету керек, WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруды мақсат еткен халықаралық жобалардың бірі. Кәсіптік-техникалық мамандықтың сапасын арттыруды көздейтін бұл жобаға қазақстандықтар алғаш рет 2015 жылы қатысқан. Сол жылдың өзінде жүлде алғаны бар.

Ал, биыл «WorldSkills Shymkent – 2022» чемпионатының аймақтық кезеңіне 46 номинация бойынша 176 үміткер қатысты. Атап айтқанда, үміткерлер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, қызмет көрсету саласы, шығармашылық және дизайн, құрылыс индустриясы, көлік және логистика бағыттары бойынша жарысты. Конкурстық жұмыстарды қаладағы кәсіпорындардың мамандары сарапқа салды.
Аймақтық «WorldSkills Shymkent — 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының үздік жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальмен марапатталды. Оларға қала әкімінің бірінші орынбасары марапатты салтанатты жағдайда табыс етті. Республикалық жарысқа Шымкенттен 46 номинация бойынша 48 үміткер қатысады.