Қоғам Құқық

Сенбілікке шығамын деп

                   соңғы сапарға аттанды

Өткен жылы Білім және ғылым министрі мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға шығармау туралы тапсырма бергені белгілі. Артынша Түркістан облысының сол кездегі әкімі Жансейіт Түймебаев та тап осындай тапсырма берген-ді. Әрине, одан бері басшылар ауысқанымен, олардың міндет-мақсаттары өзгерген жоқ. Бұл бастама жаңа басшылардың да қолдауына ие болатыны анық.

 Дей тұрғанмен осы тапсырмаларға салғырт қарап, мектеп ұжымы мен оқушыларды өздерінің құлақкесті құлы секілді көретін басшылар да жоқ емес. Олар әліге дейін мектептегі ұстаздар мен басқа да жұмысшыларды тегін жұмыс күші ретінде пайдалануды тоқтатар емес. Біз бұған байланысты кезінде Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданына қарасты мектеп қызметкерлерінің жол тазалап жүргенін мысалға келтірген болатынбыз.

Одан бері де біршама уақыт өтті. Өткен аптада Төлеби ауданында болғанымызда мектептің жұмысын істеуі тиіс мамандардың қала сыртындағы ағаштарды ақтап жүргеніне куә болдық. Әрине тазалық керек. Бірақ сол тазалық тек мектептегілерге ғана қажет пе? Әкімдік пен оған қарасты қаншама бөлім бар, солардың бәрі де аудан мен қаладағы тазалыққа жауапты емес пе? Әлде көше тазалығына қарауды мұғалімдер мен оқушылардың ғана маңдайына жазып қойып па?

 Бұл бассыздық тыйылмаса, ақыры бір жамандық болар деп топшылағанбыз. Қателеспеппіз. Өткен аптада Ақмола облысында төтенше жағдай орын алды. Tengrinews.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, қайғылы жағдай 11 сәуір күні Атбасар ауданының Мариновка ауылында орын алған. Оқушылар сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарымен айналысып жүргенде 8 сыныптың оқушысы жоғары кернеулі токқа түсіп қаза болған. Марқұм жергілікті жердегі мектепте ұстаздық ететін бір мұғалиманың жалғыз ұлы екен.

 Ресми мәліметтерге қарағанда мектептің жанынан темір жол өткен. Ол ештеңемен қоршалмаған және жолаушылар өтетін жер асты өткелі де, көпір де болмаған. Бұл төтенше оқиға бойынша полиция тексеру жұмыстарын бастаған. Сонымен бірге мектеп басшыларын жауап алуға шақырған.

Департамент мамандарының мәліметінше қылмыстық кодекстің 344 бабының 2 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталыпты. Осы оқиға да оқушыларды сенбілікке шығаруға мектеп басшылары бастамашы болды ма, әлде жергілікті әкімдіктің тапсырмасы ма? Ол жағы алдағы уақытта анықтала жатар.

 Қалай болғанда да қыршын кеткен жас жігіттің өлімі сұраусыз қалмауы, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс. Әйтеуір бұл қайғылы оқиғаға кінәлі мұғалімдер болып, негізгі кінәлілер жауаптан жалтарып кетпесе болғаны. Мұндайды атам қазақ «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» деп айтқан. Атбасарда да сондай жағдай қайталанып жүрмесе екен.

Ең дұрысы, мұғалімдер мен оқушыларды көше аралатып жұмысқа жеккенді доғару қажет. Мәселе сонда ғана толық шешімін табуы мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *