Басты жаңалықтар

«Шымкенттің барысы» анықталды

Тоқсан келіден ауыр салмақтағы 26 балуан Шымкентке жиналып, бозкілемде белдесті де «Шымкент барысын» анықтап тастады. Бұл балуандар бәсекесі «Қала күніне» орай ұйымдастырылды. Дәл осындай мазмұнды іс-шаралар аптадан аса күн сайын өтеді. Бәрі де шымкенттіктер мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қолға алынып отыр.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренасында өткен «Шымкент барысы — 2022» республикалық сайысына қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, балуандарға белдесуде сәттілік тіледі. Ұлттық спорттың сайыпқырандарын мақтанышпен атап өтті. Турнирдің ашылу салтанатында опера жұлдызы, әлемдік сахналардың сәніне айналған Майра Мұхамедқызы ән шырқады. «Шымкент барысын» анықтау сайысына Әлем және Азия Чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер қатысты.

Боз кілемде жауырынын жер иіскетпеуге барын салатын балуандардың ептісі мен күштісі жеңімпаз тұғырына көтерілетіні белгілі. Тартысты өткен сайыста жүлделі 1 орынға Ерсұлтан Мұзаппаров, 2 орынға Нұрсат Темірхан ие болды. Екеуі де шілде айында ел астанасында өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алды. Сондай-ақ, Қазақ күресі Федерациясы тарапынан Ерсұлтан Мұзаппаровқа автокөлік сыйға тарту етілді. Нұрсат Темірханға 350 мың, 3 орын иегері Нұрсұлтан Қожагелдіге 150 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.

Айта кету керек, Шымкентте 4 спорт мектебінде қазақ күресі секциясы жұмыс істейді. Онда 466 спортшы кәсіби түрде шұғылданады. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *