Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен сақтандырылған. Оларға МӘМС есебінен жоспарлы және шұғыл түрдегі стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ағымдағы жылдың басынан бері балаларға 2,77 млн-нан астам стоматологиялық көмек көрсетілді.
Балалардың мүддесін қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. 2022 жылды Ел Президенті Балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты елімізде түрлі пайдалы жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Елімізде 16 мамыр мен 16 маусым аралығында «Балаларға күлкі сыйла!» республикалық акциясы өтуде. Осы акцияның аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары денсаулық сақтау басқармаларымен, медициналық ұйымдармен және басқа да мүдделі құрылымдармен бірлесіп балаларға профилактикалық стоматологиялық тексерулер жүргізуді ұйымдастырады. Айта кетерлігі, 18 жасқа дейінгі интернаттардың, балалар үйлерінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасылардың балаларына стоматологиялық көмектер көрсетіледі.
Қазір балалардың көбінде тістің пульпиті, тістің кеш пайда болуы, қисық өсуі жиі кездеседі. Яғни, ата-ана баланы алма, сәбіз, печенье, құрт, ет сияқты қатты тағамдармен азықтандырса, тістері жақсы шығады. Мәселен, бала жұмсақ тағамды үзбей қолдана берсе, тіс-жақ жүйесі дамымай қалады. Сонымен қатар, балалар фаст-фуд, тез дайындалатын тағам, газдалған тәтті сусындарды үздіксіз тұтынуы тістің ерте бұзылуына септігін тигізеді. Сондықтан адамның сау тістің ұзақ сақталуы үшін стоматологиялық күтімді жасау керек.
МӘМС шеңберінде балаларға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетіледі. Учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз Қормен келісімшарты бар жеке стоматологияны таңдауға немесе өз емханаңыздың стоматологиялық кабинетіне жүгінуге болады. Елімізде МӘМС аясында 600-ден астам медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көрсетеді.
Жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар және жүкті әйелдерге қарастырылған. Ал, шұғыл стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғаларға,I,II,III топтағы мүгедектерге,«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастарға, ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтіндерге көрсетіледі.
Яғни, пациенттерге анестезия, жақ немесе тістің рентгенографиясы, тісті жұлу, пломбаны дайындау және салу, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцессті ашу стоматологиялық қызметтері көрсетіледі.
А.Бейсенбаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры