Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Қымызмұрындық қызық болды…

Қызық болғанда, ұлттық ойын түрлерінен оза шапқан командаларға бір-бір қой мен серкеден таратылды. Енді, тарқатып айтар болсақ, бұл күні ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдет-ғұрып жаңғырды.

Шымкент қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Shymqala» этноауылында маусымдық «Қымызмұрындық» этно-фестивалін ұйымдастырды. «Биебау», «Биебайлар», «Ақтамақ» рәсімдері және қымыз әзірлеушілер қымыз баптау үлгілерін көрсетіп, іс-шараға келуші қонақтар қолөнершілердің көрмесін тамашалады.

Мәдениеттанушы мамандардың мәліметіне сүйенер болсақ, «Қымызмұрындық» мерекесі тұрмыстық шаруа мен салауатты өмір салтын құру дағдысын үйлестіре білген керемет ғұрып. «Қазақтың кең байтақ даласында жылқы баптауға қатысты 6000 жылдық Ботай мәдениеті бола тұра, оны паш етпеу бізге сын» дескен әдет-ғұрып, салт-дәстүрді дәріптеушілер маусымдық «Қымызмұрындық» салтын кең көлемде тойлау үшін ресми мерекелеуге енгізу керектігін айтады.

Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» іс-шарасына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Қалалық мәдениет басқармасына қарасты мекемелерден құралған командалар арасында жарыс өтті. Олар ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Арқан тартысып, қол күрестірді. Серке көтеріп, садақ атқан өнер саласының өкілдері бұқа тартыс, аударыспақта да бақ сынасты. Ұлттық ас –- ет жеуден де жарысты. «Қымызмұрындықтың» қызығы да осында. Қымыз ішіп кесе босату ғана емес, ұлттық спорт ойындарын да дәріптеу, жарысқа түсіп мықтылықты сынау.

Салт-дәстүр салтанат құрған іс-шараның соңында түрлі спорттық сайыстан жеңіп шыққан Қуыршақ театырының командасы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Оларға сыйлыққа қошқар тарту етілді. Екінші орынға ие болған Өзбек театрының командасына бағлан қой берілді. Мәдениет үйі мен Жұмат Шанин атындағы академиялық театрдың командалары 3 орынға табан тіреп, сыйлыққа серке алды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *