Бұл мекеменің негізгі мақсаты – аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсету. Құқықтық сауаттылықтан бастап, тұрмыста әйелдерге қажетті түрлі бағыттағы кәсіптік білім беретін курстар топтасқан орталыққа келушілер өте көп. Тігіншілікті, кондитерлікті, шаштараз болуды меңгеріп жүрген қыз-келіншектерге компьютерлік сауаттылық, SMM курстары да жүреді. Балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед жұмыс істесе, тіл кемістігі бар балалардың аналары тыныс алу және артикуляциялық жаттығулар үйренуде.
Жуырда орталықтың жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып танысып қайтты. Шымкенттіктер үшін жасалып отырған игі істің өміршең болуына тілектестігін білдірді. Себебі мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген жандар жиі келеді. Оларға атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді алу бойынша да орталық мамандары қызмет көрсетіп, көмектеседі. Жыл басынан бері орталық мамандары 7 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетіп, психологиялық, құқықтық кеңес берген.