Uncategorized Қоғам Шымкент

Ескі мектеп жаңарып, тар мектептер кеңеюде


Шымкенттегі Ы.Алтынсарин атындағы 65 мектеп-гимназиясы ел тәуелсіздігімен құрдас білім ордаларының бірі. 1993 жылы жаңа тұрпатты мектеп атанған білім ордасы бастапқыда көркем-эстетикалық кешенді лицей-мектебі болды. 1996 жылы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебі, 2009 жылдан бері мектеп-гимназия. Білім беруде педагогикалық ұжымның біліктілігі жоғары болғандықтан баласын осы мектепке оқытқысы келетін ата-ананың қарасы көп. Содан да болар бала саны жыл сайын артып отырған мақтаулы мектептің ғимараты тарлық етіп келе жатқанына біраз болды. Енді міне, бұл мәселе де өз шешімін тауып отыр.

2012 жылдан бері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығы негізінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін енгізетін 35 базалық мектептің бірі болып отырған білім ордасының жаңа оқу ғимараты салынуда. Осыған орай өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №65 мектеп-гимназиясының қосымша ғимарат құрылысымен арнайы барып танысты. Сайрам шағынауданында орналасқан мектепте 2021-2022 оқу жылында 3 268 оқушы білім алған. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта сабақ 3 ауысымда өтіп келген. Жаңа ғимараттың құрылысы бітсе бұл мәселе шешіліп, мектеп екі ауысымда білім беретін болады.

Жаңа қосымша ғимараттың жобасы бойынша әр сынып комплектісі 25 оқушыға лайықталған. 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, футбол мен жүгіруге арналған арнайы жол салынады. Мектеп ауласында субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын да қарастырылып отыр. Құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы 0,92 га құрайды. Құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метр. Сәтін салса, құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамызында аяқталып, жаңа ғимрат пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Шымкентте биыл тағы бірнеше мектепке қосымша ғимарат салынады. Күрделі жөндеу көрмеген мектептер жөнделеді. Соның ішінде №11 мектеп те бар. Қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл білім ұясының да жөндеу жұмыстарын тексерді. Мектеп 1991 жылы пайдалануға берілген. Содан бері су құбыры, жылыту және электр жүйелері жөндеу көрмеген. Жауын жауса ескі шатырдан су өтіп, оқушыларды да, мұғалімдерді де әбіржітіп келген-ді. Енді міне екі қабатты ғимарат 30 жылдан соң күрделі жөндеуден өткізілуде. Дәл осындай жәйтты бастан кешіріп келген Сайрам тұрғын алабындағы №107 мектепке де биыл күрделі жөндеу жүргізілуде. Жалпы, биыл қалада 5 мектеп күрделі жөндеуден өтуде.

Күрделі жөндеуден өтетін білім ұйымының тағы бірі – 1937 жылы ашылған №3 балалар үйі. Бүгінде мекемеге тиесілі 9 ғимараттың 6-ы сараптама қорытындысына сәйкес жарамсыз деп танылған. Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №3 балалар үйінің күрделі жөндеу жұмысын да көзбен көріп қайтты. Қазір мұнда 47 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың сәуір айында жөндеу жұмысы басталғаннан тәрбиеленушілер №4 балалар үйіне орналастырылды.

— Балалар үйінің жөндеу жұмысы жоғары деңгейде, әрі сапалы болуы керек. Өйткені бала — біздің болашағымыз. Олардың мұнда өсіп, білім алуында ешқандай кедергі болмауы қажет. Біздің ата-анамыз бар болса,  мұндағы балалардың қамқоршысы мемлекет, — деді қала әкімі.

Айтқандай, № 45 мектеп-гимназиясының жанына салынып жатқан қосымша құрылыстың жұмысы да қарқын ала бастаған. Ш. Қалдаяқов көшесінің бойынан 1,2909 га жер аумақта жаңа ғимарат салынуда. 300 орынды ескі мектепке жапсарлас ғимарат құрысылысының бас мердігері – «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС-ы. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы болады. Әрбір сынып бөлмесі 25 оқушыға шақталған 12 бөлме болады. Мұнда қосымша 33 жаңа жұмыс орны ашылғалы тұр.

Шымкентте осылайша ескі мектептер жаңарып, тар ғимараттар кеңейіп жатыр. Бұл шарапаттан №72 мектеп те шет қалмауда. С.Нұрмағамбетов атындағы  бұл мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде биыл 3 556 шәкірт оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан қосымша ғимарат қажеттігі туындаған.

Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №72 мектептің қосымша ғимарат құрылысын да көрді. Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орынға лайықталды. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады. Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз айында басталған. Пайдалануға 2023 жылдың тамызында беріледі деген жоспар бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *