Басты жаңалықтар Шымкент

«AZALA TEXTILE» ӨНДІРІС ҚУАТЫН ҰЛҒАЙТТЫ


Текстиль өнімдерімен ішкі және сыртқы нарықта өзіндік орнын сайлап алған отандық «AZALA Textile» фабрикасы өндіріс көлемін кеңейтуде. Осылайша өндірісі кең қанат жайған фабрикада тағы да 100 адамға жұмыс орны ашылып отыр. Фабриканың өнім көлемін ұлғайтуға орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, жұмысшылармен кездесті.

– Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шарасын пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, — деді қала әкімі.

Отандық төсек-жайма мен сүлгі өндірісінде көш бастап келе жатқан бұл фабрика тауарлары шетел нарығында да сұранысқа ие. Былтырлары жылына 2800 тонна жіп иіріп, 14 миллион метр қатты мата тоқуды жолға қойған фабрика өз қуатын жылдан жылға арттырып келеді. Бүгінде «AZALA Textile» компаниясы өндірген мата мен жіпке Литва, Латвия, Германия, Италия, Польша елдерінен тұрақты сұраныс бар. «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын қуаттылығын арттыруға мүмкіндік алды. Бүгінде осы кәсіпорын шығаратын сүлгі, төсек орын жабдықтары, ванналық халаттар, түкті маталарға деген сұраныс өсіп отыр. Отандық өнімнің сапасына жоғары баға берген сарапшылар халықаралық менеджменттің ISO 9001:2008 сертификатына ие компанияның болашағы жарқын дейді. «AZALA Textile» компаниясы өндірген қатты маталардан әскери киімдер тігу, арнаулы қызметтік формалар жиынтығын жасақтау ісі дамыған.

Компанияда қазір 600-ге жуық жұмысшы бар. Жылына 3 миллион данадан астам төсек жаймасының жиынтығын, 10,4 млн дана түкті тігін матасын өндіреді. Шымкентте иірілген жіптерді әлемдік нарықта (Түркия, Оңтүстік Корея, Германия және ТМД елдері) тұтынушылар жоғары бағалауда. Бұл жіптен тоқыма бұйымдар өндіріледі. Сапасы жоғары маталар тоқылады.

Жартылай фабрикаттар өндірісімен шектелмей, дайын өнімнің экспортына көшу, сөйтіп толыққанды мақта-тоқыма кластерін құру бойынша жұмыс қарқын алған. Фабриканы қайта жабдықтау барысында жоғары сапалы жіп иіру үшін Германияда жасалған технологиялық жабдықтар сатып әкелінген. Шымкентте шығарылатын өнімнің жартысынан көбі, яғни, 45,1 млрд. теңгегенің тауары жақын және алыс 22 елге экспортталады. «Azala Textile» ЖШС –тоқыма өндірісін кеңейту үшін фабрикаға жақында қосымша 200 млн. теңге инвестиция құйылып, 80 жуық тігін машинасы орнатылған.

Жалпы соңғы кезде өндірісі қарыштап дамып келе жатқан Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында мұнан өзге де кәсіпорындар аз емес. «AZALA Textile», «Арайлы», «Жібек.М.», «Гаухар» тігін фабрикасы, «АГФ Групп» өндірістік компаниясы, «Alatex», «Жаңаталап-МТ», «Kazplast», «Шабитекс», «AZALA Cotton», «Әлем-БТ», «Хлопкопром-Целлюлоза», «Бал Текстиль», «Назар Текстиль» сынды кәсіпорындардың әрқайсысы мегаполистің экономикасын дамытуға зор қуат беруде.

Соның дәлелі болу керек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 200 гектар аумақ тек тоқыма өнімін шығарушы кәсіпорындарға қарастырылған. Аймақтың инвестициялық портфелі (жалпы құны 86,1 млрд. теңге болатын) 44 жобадан тұрады. Олар 4 318 жұмыс орнын құрып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуда. Үзіліссіз жұмыс істеп тұрған 22 жобаға 32,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. 2282 жұмыс орны ашылған.

«Azala Textile» фабрикасы қазір ҚДС (мемлекеттік қорғаныс тапсырысы) бойынша Қазақстан Республикасының әскери құрылымдарының киімдеріне арналған маталар өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *