Басты жаңалықтар Қоғам

Қорыққанын сыйлайтын заман осы ма екен?!

                     

«Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті». Әрбір сөзі мірдің оғындай болған Міржақып Дулатовтың осынау пайымы әлі де маңызын жойған жоқ. Тіпті, күш алған десек те болады.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді төл мерекесімен құттықтаған кезде «Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Бұл – барша отандасымыздың алдында тұрған маңызды міндет. Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз, журналистік зерттеулеріңіз осы бастамаға үлес қосары сөзсіз. Сондықтан нағыз кәсіби мамандардың еңбегін лайықты бағалаудың символдық мәні бар.

Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау үшін отандық журналистердің Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы керек. Біз қоғамға үлгі-өнеге көрсетіп, мемлекет ісін ілгерілетуге атсалысуымыз қажет. Өйткені халықтың сенімін ақтау – азаматтық борышымыз», – деп, журналистиканың мемлекет өміріндегі маңызын айқындап берді.

Шүкір, оңтүстіктің журналистері құттықтаулардан кенде қалған емес. Алайда, алалауға жол беріліп жатқаны алаңдатады. Айталық, оңтүстіктің журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар, үлгі-өнеге боларлық із қалдырған аға буын өкілдері осы мерекеде назардан тыс қалуда. Аудандарда, облыс пен қалада болсын мерекені тойлағанда қазіргі қызметте жүрген журналистер шақырылады да зейнеткерлер, денсаулығына байланысты қызметтен шеттеп қалған әріптестер көп жағдайда назардан тыс қалып қояды. Бұл аға буын өкілдерінің көңіліне қаяу саларын түсіну қиын емес. Алла ғұмыр берсе, бәріміздің де зейнетке шығарымыз анық. Демек, мұндай сезімді ертелі-кеш барлығымыз бастан өткереміз деген сөз. Тақырыпқа тұздық ретінде бүгінде денсаулығына байланысты үйде отырған Нышанәлі Ниязбектің әлеуметтік желідегі жазбасын ұсынайық. «Мен талай айттым, бірақ соны ұйымдастыратын пәндә болмай тұр. «Мәртөбе» газеті жекеге өтсе де, 60 жылдығын құрылтайшымен сөйлесіп өткізейік, марқұм ағаларға құран бағыштайық, кезінде қызмет еткен З.Қыстаубайұлы, С.Нұрмағанбетов, Е.Көшербаеваларды шақырайық деген ой тастағам. Кешегі жиында осылар болуы керек еді» — дейді ол өзінің емес, өзгенің жағдайын ойлап. Ал Дидар Бегалиев есімді әріптесіміз өз уәжін былай деп жеткізеді: «Нышанәлі деген кім? Ешкімге зияны жоқ, бірақ тырбанып еңбек еткен, ешкімге бәле салмаған, ешкімді қорқыта алмайтын, еңбегі адал жан. Ол кімге керек? Әкімге ме? Әкім менсінбейді оны! Әкім пысқырмайды! Өйткені, оның белінде «пистолеті» де, «гранатасы» да жоқ. Сосын қайтсін оны! Тамақтан орар қанжары мен былығын білетін блогерлер мен бәлеқорлар тұрғанда Нышекеңе жол қайда әлі!».

Әрине, астарлы сөздің астарын түсіну қиын емес. Бірақ, оны біз түсінгенімен, биліктегілер назарға алмайды. Қазір атағынан ат үркетін марапаттардың дені жастарға бұйырып жатыр. Әрине, жұмысы лайық болса, алсын. Алайда, олардың ұстаздарын не үшін тасада қалдырамыз. Оңтүстікте журналистиканың «жілігін шағып, майын ішкен» И.Әубәкіров, И.Омар, Қ.Медет, А.Наурыз, Б.Дінәсілов, Ү.Айтөреева, Ш.Орынбай, А.Майлыбаева, М.Қалмырзаева, З.Қыстаубайұлы, С.Нұрмағанбетов, Е.Көшербаева секілді аға-әпкелерміз аз емес. Неге екені белгісіз, журналистер мерекесінде олардың есімдері аталмайды, ортамыздан көрінбейді. Ұстазды ұлықтап, үлкенді құрметтеген ұлтымыз үшін бұл жат әрекет болса керек.

Қазақ журналистикасының іргесі кеше қаланған жоқ. Оның тарихы әріде. Ол кезде еңбек еткендер қазір үйде отырғанымен, ел дамуына қосқан үлестерін неге естен шығарамыз? Әлде сыйлағанын емес, қорыққанын сыйлайтын заман осы ма екен?!

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *