Әлеумет Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Министр келді, не деді?

Шымкентке өткен аптада ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев келіп, мәдениет, спорт салсының саңлақтарымен, жалпы шымкенттіктермен кездесіп қайтты. Айта кету керек, Шымкентті ұлттық салт-сананы сақтаушы өңір ғана емес, өнерпаздар қаласы деуге негіз бар. Мәдениеттің қай саласын алып қарасақ та Шымкенттен шыққандар көп. Әнші, биші, мәдениеттанушы, этнограф, тағы басқа мамандық иелері арасында шымкенттік түлектер аз емес. Сайыпқыран спортшылардың да саны жылдан жылға артып келеді. Сондықтан да сала министрінің арнайы келіп, шымкенттік мәдени ортамен кездесуі орынды іс-шара болды.

Министрдің айтуынша, биыл «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігін құру жұмыстары жаңдана түскен. Аталмыш бірлестік жыл соңына дейін 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуы керек.

– Мен анимация саласында өзіндік орны бар шымкенттік жігіттердің жұмысымен таныспын. Сондықтан сіздерді «Қазақ анимациямен» бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, — деді министр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы негізінде өткен, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов жүргізген кездесуде мәдениет, спорт және туризм салаларына қатысты мәселелер талқыланды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен министрлер өңірлерге келіп, халықпен жүздесіп жатыр. Бұл — мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда аса маңызды қадам. Бүгін біз министрліктің әр салаға қатысты атқарып отырған жұмысына тоқталамыз. Себебі, оның барлығы өңірлермен тығыз байланысты. Мәдениет саласы бойынша өткен жылы Шымкентте 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 10 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 ғимарат құрылысы басталмақ, — деді Дәурен Абаев.

Қаламгерлер мен баспагерлерді мемлекет тарапынан қолдау мақсатында биылдан бастап министрлік алғаш рет «Айбоз» әдеби сыйлығын тағайындап отыр екен. Бұл әдебиетші қауымға тың серпін беретін жоба, шабыт сыйлайтын бәйге болары анық.

Бүгінгі Шымкент туризмнің орталығы деуге толық негіз бар. Сырттан көне қала тарихымен, мәдениетімен танысуға туристер көп келеді. Оларға ыңғайлы орта, туристік сервиске қатысты жасалынып жатқан жұмыстар аз емес. Туристік қауымдастықпен келісе отырып, 27 тур-бағыт ұсынылған. Оның 17-сі Шымкентте болса, 10-ы Түркістан облысымен бірлескен бағыт.

Тарихи-мәдени нысандардың негізгісі саналатын Сайрам ауылындағы Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелерінің өзі туристер ағымы толастамайтын орын. Ендігі кезекте сол аймақты абаттандыру, көріктендіру мәселесіне көп көңіл бөлу қажет.

Айта кету керек, соңғы 3 айда Шымкентке 97 мыңға жуық турист келген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 129 пайызға артқан. Осындай жетістіктерді атап өткен министр спорт саласындағы «Дені сау ұлт» жобасы  жайлы да түсіндіріп берді.

Бұл жоба негізінде 2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр екен. Шалғай аудандарда былтыр 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүрген. Республика бойынша 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі тұр. Бұл орайда Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған  ипподром салынатындығы мәлім.

Корзинаға цифра: 3 айда Шымкентке 97 мың жуық турист келген

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *