Әлеумет Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Көпбалалы 90 отбасы баспаналы болды

Апта басында шымкенттік 90 отбасы баспаналы болды. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар. Пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Тұран», «Нұрсәт» шағынаудандарынан берілді. Нақтылай айтсақ, жаңа баспанаға қоныстанушылардың 37-сі  көпбалалы отбасы, 36-сы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшесі, 17-сі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар.

Баспана кілтін салтанатты жағдайда иелеріне қала әкімінің орынбасары М.Исахов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Нарымбетов табыс етті.

Айта кету керек, биыл Шымкентте әлеуметтік әлсіз топтар мен жұмыс істейтін жастарға арендалық 1605 пәтер беру жоспарланған. Соның ішінде 476-сы көпбалалы отбасыларға, 54-і жетім балаларға, 857-сі жұмыс істейтін жастарға бұйырмақ. Оның 83-і сәуір-мамыр айларында берілген тұрғын үйден баспаналы болған. Қалғаны жыл соңына дейін пәтерлі болады дейді сала мамандары.

 Еске салсақ, өткен жылы Шымкентте 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде қала әкімі М.Әйтенов «Биыл бұл межені 4,7 пайызға арттырып, пайдалануға берілетін баспана көлемін 1 млн 60 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде», — деп атап өтті.

– Бюджет есебінен пайдалануға берілетін көп қабатты 51 үй, яғни 2 972 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрғандарға бұйырады. Ол үйлердің 31-і кредиттік, 20-сы арендалық тұрғын үй, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, биыл Шымкентте «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 1524 азаматтың пәтерлі болу мүмкіндігі бар. Бұл үйлер конкурсы кезең-кезеңімен «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде. Жеңілдетілген несиелік бағдарламаға қатысушылар үшін әлеуметтік көмек қарастырылған. Яғни, тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы бөлінеді. Тұрғын үй сертификаты мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша беріледі. Тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға қаржы қайтарымсыз негізде беріледі.

Бұған қоса көп қабатты 18 үй жөнделуде екен. Ал тұрғын үй қорын басқарудың жаңа механизмдері – пәтер иелерінің бірлестігі мен жай серіктестікке өту көрсеткіші қалада 100 пайызды құрайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *