«Қазақстан халқына» қоры қаншалықты қажет?
Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» деп аталатын қор құрып, халыққа көп үміт сыйлаған еді. Өйткені, қазір қоғамда үй-күйсіз жүрген, ауыр сырқатпен жалғыз алысып қиналған, түрлі жағдаймен тығырыққа тірелген адамдар аз емес. Оларға қолдан келгенше халықтың өзі ұйымдасып көмектесіп келеді. Дегенмен, барлығының бірдей мұқтаждығын өтеу мүмкін емес. Осындай кезде аталған қордың құрылғаны көпшілікті қуантқаны рас.
Қорға алғашқы кезде кәсіпкерлер миллиондап, миллиардап қаржы аударды. Ол халыққа ашық айтылып отырды. Алайда, қазіргі кезде осы қордың мұқтаждарға қандай көмегі тиіп жатқаны белгісіз болып қалды. Халыққа ашық түрде ақпарат беріліп жатқан жоқ. Ал ашықтық жоқ жерде күдік-күмән көбейетіні заңдылық. Шынында да бұл қор не жұмыс істеп жатыр?
Қордың құрылғанына бірнеше айдың жүзі болды. Солай болса да осы кезге дейін «қордың көмегімен баспаналы болдым, науқас баламды шетелге апарып емдеттім» деген секілді жағымды ақпараттарды естіген жоқпыз. Бұл қор басшысы Болат Жәмішов пен командасының кемшілігі болса керек. Қор халыққа арналғаннан кейін оның әрбір әрекетін көпшілік біліп отыруы тиіс. Әлде көп үміт күткен қор да Болат Жәмішев пен оның қызметкерлеріне жоғары жалақы төлеуден әрі аса алмай отыр ма?
Жуырда қор басшысы Б.Жәмішевке Келес ауданы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Бесқұбыр ауылының тұрғыны Алимбекова Кумайра Аширбековна төмендегідей өтінішпен шығыпты. «Жалғыз басты анамын. Алты бала тәрбиелеп отырмын. Басымда баспанам жоқ. Қарауымдағы балаларды жалғыз өзім асырап-бағудамын. Осы жоғарыдағы жағдайды ескеріп, маған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қолдау қоры есебінен Түркістан облысы, Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округі аумағынан тұрғын үй алуға көмек беруіңізді сұраймын. Өйткені «Қазақстан халқына» қоры атаулы және жүйелі бағыт бойынша көмек береді деп көрсетілген. Онда Атаулы көмектіңмақсаты — жедел ден қоюды талап ететін, шұғыл мәселесі бар, көмекке мұқтаж осал топ өкілдеріне қаражат бөлу. Яғни, мына санаттағы Қазақстан азаматтары бірінші кезекте қордың атаулы көмегіне ие болады деп көрсетілген. Олар – «Қиын жағдайдағы балалар», «Жетімдер», «Өмір сүру жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмей, өміріне қауіп төнетін балалары бар отбасылар». Көріп отырғаныңыздай, менің отбасым осы үш топқа да жатады. Қазір апаттық жағдайдағы үйде тұрып, балаларымның өміріне қауіп төнгендіктен маған «Қазақстан халқына» қолдау қоры есебінен көмектесуіңізді сұраймын».
К.Алимбекова осы қордың жарғысына сай баспаналы болсам деген үмітте еді. Бірақ үміті арман күйінде қалатын секілді. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, қор қызметкерлері ұлтқа, ауыл азаматтарына жаны ашитын адамдар емес па деген күдікті ой туындайды. К.Аширбекованың мемлекеттік тілде жіберген өтінішіне жауап хаттың орыс тілінде келгеніне қарап осындай ой түюге мәжбүрміз. Ол хатта «денсаулыққа байланысты – дәрі, ем, диагностика, оңалту мен көмекші қызметіне, білімге қатысты – оқу, қосымша білім алуға, негізгі қажеттіліктер – азық-түлік, киім, тұрмыстық заттар, өнер мен мәдениет бойынша – керек заттар алуға, іс-шара ұйымдастыруға, спортқа байланысты – заттар алу, іс-шара ұйымдастыруға ғана қаржы бөлінетіні» көрсетілген. Ал баспанаға зәру отбасыны үй-жайлы ету, адамдарды қиын жағдайдан шығару бұл қордың қызметіне кірмейтінге ұқсайды.
Қордың бастапқы ережесінде айтылып отырған қамқорлық түрі бар болған екен. Қалай, неге екені белгісіз, кейін ережеден бұл мақсаттар алынып тасталған секілді. Қошқар ата ауылдық округінің заңгері Бақытжан Әбдірахмановтың түсіндіруінше, қор басшылығы тарапынан келген хатта бес салаға, яғни, білім, денсаулық, спорт, тұрмыстық және негізгі қажеттіліктер бойынша ғана көмек көрсетілетіні айтылған. Ал тұрғын үй мәселесі көрсетілмеген. Қазақстан халқы үшін ең маңызды мәселені назардан тыс қалдырған қордың қаншалықты қажеттілігі бар? Көпшілік көп үміт күткен Жаңа Қазақстандағы жаңаша қордың да түпкі мақсаты тегін қаржыны мақсатсыз пайдаланудан әрі аспайтын болғаны ма? Бәз-баяғыша халық «өз қотырын өзі қасып», «өз жарасын өзі жалап жазудан» басқа амал көрмей тұрмыз. Не көрмеген халықпыз, бұл қиындықтан да айналып өтерміз. Бізді қынжылтатыны – үкіленген үміттің ақталмайтынында болып тұр.
Ұлықбек ҮМБЕТ.