Әлеумет Басты жаңалықтар

Бесінші аудан

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қалалық әкімдік пен мәслихаттың жаңа ауданның территориясын белгілеу жөнінде бірлескен шешімі қабылданды. Осылайша мегаполистің құрамында болып келген 4 ауданның қатарына тағы бір аудан қосылды.

– Шымкент қаласы – еліміздегі үш мегаполистің бірі. Қала аумағы Алматы (682 км²) және Нұр-Сұлтан (797,33 км²) қалаларынан үлкен – 1 170 км². Бесінші ауданды құру қажеттілігін қала әкімі Мұрат Әйтенов айтып, ұсыныс жасаған еді. Орталық мемлекеттік органдар тарапынан бұл ұсыныс қолдау тауып, бір жылға жуық зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа ауданның территориясы белгіленді. Жаңа аудан өз қызметіне кіріскенше әлі бірнеше процедуралық жұмыстар бар, — дейді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Бұл өзгеріс қала территориясын одан әрі дамыту мен саны күн санап өсіп келе жатқан қала халқына сапалы қызмет көрсетуде жұмысты жандандыру үшін де қажет болған. Сессияда осы мәселелерді депутаттарға Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов егжей-тегжейлі баяндап берді. Бірінші мәселе – шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға көбейіп келеді.

Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында жоғарыда атап өткендей жер аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр. Қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес 41 елді мекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Бесінші ауданды құру осындай қажеттіліктерден туындаған. Мәселенің мәнісіне қанық депутаттар тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұл іске жауаптылар жаңа ауданның аумағы 36 мың гектар болса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды деп отыр.

Ендігі кезекте қаладағы аудандардың шекараларын белгілеу жұмыстары жүреді. Айта кету керек, Шымкенттегі бесінші ауданның құрылуы талқыланған сессияға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова да қатысты.

Цифра: Шымкент қаласының тұрғындар саны жыл сайын 2,5-3 пайызға көбейіп келеді

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *