Басты жаңалықтар

449 отбасыға баспана лимиті берілді

Биыл Шымкентте «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 449 отбасыға лимит бөлініп отыр. Жалпы, «Бақытты отбасы» бағыты аясында 2019 жылы үй кезегінде тұрған 292 отбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болған. Олардың 113-і көп балалы, 134-і толық емес отбасы, 45-і ерекше баласы бар отбасы болатын.

2020 жылы да Шымкентте 292 отбасы жеңілдетілген несиемен пәтер алған-ды. Ал, былтыр өңірлерге берілген лимит көлеміне сәйкес, Шымкентте аз қамтылған санатқа жататын 589 отбасы несиелік баспанамен қамтылған. Биыл 449 отбасыға баспана бұйырып отыр. Бұл жайында Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлім етті. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағыты мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының бір тармағы. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. Үй кезегіне тұруы міндетті. Тек өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің атында ел аумағында тіркелген үйі болмауы тиіс. Бағдарламаның негізгі мақсаты — әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың баспана алуына мүмкіндік беру. Ал, үй кезегіне kezekte.kz сайты арқылы тіркеле алады. Ол үшін кезекке тұрушы азаматтың ЭЦҚ болуы қажет.

Орайы келгенде айта кету керек, egov.kz вэб-порталындағы жеке кабинеттегі тұрғын үй кезегіне қатысты мәліметтер kezekte.kz сайтымен бірізге келтірілмегендіктен ақпараттар сәйкес келмеуі әбден мүмкін. Мамандар бұл мәселені шешу үшін құзырлы министрліктерге тиісті хат жолданғанын айтады.

Айтқандай, «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау әлі де  жүріп жатыр. Өтінімдер otbasybank.kz сайтында 20 маусым мен 19 шілде аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Ол үшін «Отбасы банкінің» клиенті болу, қолыңызда смс-хабарлама келетін телефон болуы міндетті. Басқа құжаттар мен анықтамалардың қажеті жоқ. Банк жүйесі сіз туралы мәліметтерді автоматты түрде тексереді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *