Нұржан ОМАРОВ, Қараспан ауылдық округінің әкімі:

–Нұржан Жақсылықұлы, ауылда неше адам тұрады?
–Қараспанауылдық округіндегі 2348 отбасыда 14257 адам тұрады. Жер көлемі – 40 830 гектар. Оның 31 926 гектары ауылшаруашылық мақсатында пайланылады.
–Округтің жылдық бюджеті қанша?
–2022 жылға арналған бюджет көлемі 92 млн 251 мың теңге деп белгіленген. Жылдың алғашқы бес айында 33 млн 165 мың теңге игерілді. Жергілікті кіріс бөлігі 16 млн 500 мың теңгені құрап отыр. Округ бойынша биылғы жылдың салық жоспары 18 млн 147 мың теңгені құрайды.
– Тұрғындар қандай кәсіптен нәсіп тауып жүр?
–Қараспандықтардың денікәсібін, күнкөрісінауылшаруашылық саласымен байланыстырған. Биыл ауылшаруашылығының негізгі капиталына тартылатын инвестициялар жоспары — 200 млн теңге болып отыр. 6588 гектар егістік жерді игеру жоспарымыз толығымен орындалды. Жылына 2-3 өнім алу жобасы бойынша белгіленген 37 гектар жоспар артығымен, яғни 113,5 пайызға орындалды. Жылыжай салу, тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдісі бойынша да жұмыс жоспар аясында жүзеге асырылуда. Жеті жаңа ауылшаруашылық техникаларын алуымыз керек болса, оның бүгінгі таңға төртеуі алынды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті деңгейде жанар-жағар май бөлінді. Округ аумағында жалпы ұзындығы 91,4 шақырымды құрайтын 22 канал бар. Биыл оның 23,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Мал шаруашылығында аналық ірі қараны тұқымдық түрлендіру бойынша мал басын 3100 басқа жеткізіп, 650 бұқашықты бордақылау алаңдарына өткізу жоспарын жыл соңына дейін толық орындаймыз деген сенім бар.
— Кәсіпкерлікке қалай көңіл бөлінуде?
— Ауылдық округ аумағында 75 кәсіпкерлік нысан орналасқан. Олар өз саласы бойынша жұмыстарын атқарып жүр. Мемлекет тарапынан жәрдем алғандар да бар. Жалпы кәсіпкерлік саласын назардан тыс қалдырған емеспіз.
— Әлеуметтік саладағы ахуал нешік?
— Жоғарыда айтқанымдай, ауыл округінде 2348 отбасы бар. Осының 175-і тұрмысы төмен отбасы ретінде тіркеуге алынған. Мемлекеттен жәрдемақы алады. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінім білдіргендердің 70-і қанағаттандырылды. Ахуалы алаңдатарлық азаматтарға демеушілер тарапынан қолдау көрсетіліп тұрады. Мәселен, Берген елді мекеніндегі жалғыз басты әкеге жер телімі беріліп, демеушілер есебінен тұрғын үй соғылуда.
Ауыл тұрғындарына ауылдық емхана мен жедел жәрдем бекеті қызмет көрсетеді. Екі жедел жәрдем автокөлігі бар. Одан бөлек 10 фельдшерлік амбулаториялық пункт өз жұмысын атқаруда. Бұл мекемелерде 19 дәрігер, 39 мейірбеке және 6 кіші қызметкер жұмыс істейді.
— Нұржан Жақсылықұлы, мемлекет басшысының назарында тұрған автомобиль жолының сапасы қай деңгейде?
— Облыстық деңгейдегі 17 шақырым жолдың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Аудандық деңгейдегі 8,8 шақырым жолдың 6 шақырымы жөнделген. 118 шақырымды құрайтын ішкі көшелердің 76 шақырымының сапасы дұрыс. Биыл жыл соңына дейін жүргізілетін жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жағдайы қанағаттанарлық жолдардың үлесі айталықтай ұлғаятын болады.
Жалпы, ауылдық округте 111 көше бар. Ауыл ішіндегі асфальт жол төселген 54 көшенің ұзындығы 79 шақырымды құрайды. 27 шақырымдық 37 көшеге тас төселген. Шеткі аймақтағы топырақ жолдарды 20 көше құрайды. Бірақ олардың ұзындығы көп емес, бәрін қосқанда 8 шақырым. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша осы жылы «Қараспан-Жұлдыз» тас жолының құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу жоспарланған.
–Ауыз су ауылдардағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Шөлдеп жүрген жоқсыздар ма?
–Қараспан ауыл округі бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші – 50 пайыз. Олар – Батыр ата, Берген, Көлтоған, Төреарық, Ақ жол, Жаңа тұрмыс, Ақпан. 2021 жылы Орталықтандырылған ауыз сумен қамту бойынша Қараспан, Бейсен, Мақташы ауылдарында ауыз суға қатысты құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Сарыарық ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. Ынтымақ, Мәдениет, Жұлдыз ауылдарын таза ауыз суымен қамту үшін ұңғымалар қазылып, жер асты су қорын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
– Көгілдір отын келмеген ауылдар көп пе?
–2021 жылы табиғи газбен қамту бойынша жеті елді мекенде, атап айтқанда, Көлтоған, Берген, Қараспан, Төреарық, Мақташы, Бейсен, Ақ жол ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Мәдениет, Жаңатұрмыс, Сарыарық, Ақпан ауылдарының табиғи газ жүйесі құрылысына салалық басқармаға жобалар ұсынылды. Жұлдыз, Мәдениет, Ынтымақ елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз етуге жеткізуші желі мен ішкі желі құрылысына, Ынтымақ ауылының газ жүйесі құрылысы жұмыстарына салалық басқармаға жобалар ұсынылып отыр. Ауылдық округте 100 трансфарматор бар. Оның 19-ы жаңа, қалған 81-і жарамды.
–Абаттандыру, көріктендіру ісі қалай жүргізілуде?
– Батыр ата елді мекені І.Есенберлин атындағы мектептің, Қараспандағы «Айгөлек» бөбекжайының, Клубтың, Бейсен ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектебінің, Бергендегі К.Омаров атындағы, Сарыарықтағы Ә.Маханбетов атындағы мектептердің, Көлтоған елді мекеніндегі Ш.Сейітқұлов пен М.Маметова көшесінде орналасқан балалар ойын аумағына барлығы 500 түп ағаш отырғыздық. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Себебі, таза ауа — денсаулық кепілі екені ежелден белгілі. Одан қалса ауылымыздың көрікті болуына жүрегі ауылым деп соққан әрбір азамат атсалысуы тиіс.
Көктем мезгілінде түрлі ағаштар егіп қана қоймастан, санитарлық тазалық жұмыстарын да жиі қолға алып тұрамыз. Қараспан ауыл округі бойынша биыл 48 сенбілік ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде 109 көше тазартылып, 290 текше метр қоқыс шығарылды.
–Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Ұ. ТӘМЕНОВ.
Цифра: Қараспан ауыл округінде 2348 отбасы бар. Осының 175-і тұрмысы төмен отбасы ретінде тіркеуге алынған.
Ауылдық округтегі 111 көшенің асфальт жол төселгені – 54, 27 шақырымдық 37 көшеге тас төселген. 20 көше топырақ жол.