Әлеумет Біле жүріңіз Өмірдің өзі

Жеңімпаздар анықталды


Жуырда «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының төрайымы Бақтыгүл Биманованың ұйымдастыруымен «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимаратында ардагерлер мен мемлекеттік қызметшілер, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бильярд, шахмат, дойбы, стол теннисі, тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Жарысқа қатысушыларға аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, орталық директоры Жұмабек Қабылов, Шардара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бөлімше басшысы, капитан Мұхит Сүндетов сәттілік тілеп, қорғаныс істерінің ардагері Ж.Қабыловке мерекелік медаль табыстады.

«Алуан түрлі жүйрік бар әліне қарай шабатын», – дегендей жарысқа қатысушылар өздерінің қабілет-қарымына, дайындығына қарай жүлде бөлісті. Атап айтқанда, ерлер арасында стол теннисінен еңбек ардагері Әзімбай Сәрсенбаев 1, Шардара аудандық мәслихатының қызметкері Нұрсұлтан Айдарбеков 2, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Мейіржан Кошимов 3 орынға ие болды. Спорттың басқа түрлерінен жеңімпаздар төмендегідей көрсеткішке қол жеткізді. Стол теннисінен қыздар арасында тиісінше Орынша Лесбайқызы, Злиха Арыстанова, Сапаркүл Ахметова, шахматтан Изатулла Құрманбай, Есенгелді Сариев, Мақсат Ибрагимов, дойбыдан Қанат Бегалиев, Сейітбек Утаев, Адаскүл Көбекова, тоғызқұмалақтан қыздар арасында Махаббат Әбдрахманова, Сәуле Жүсіп, ерлер арасында Өнербай Төлебаев, Ерлан Смайлов, бильярдтан Ауғанбек Тілепов, Зұлыпхар Оспанов, Тәжібай Мырзагелдиевтер ие болды. Жеңімпаздар мен жарысқа қатысушылардың бәріне ұйымдастыру алқасының арнайы дипломы мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Сайыс соңында сөз алған жеңімпаздардың бірі Қанат Бегалиев жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, мұндай шараны жыл сайын өткізуді үрдіске айналдыру керектігін айтты. Сонымен қатар, ұйымдастыру ісіне қатысты өз ұсыныстарын да көпшілік талқысына салды.

Орынша Қалшабекова,

Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік

бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *