Әлеумет Басты жаңалықтар

Коммуналдық салаға нәтижелі жұмыс керек


Коммуналдық салаға қатысты сын-ескертпелер аз емес. Әсіресе, соңғы кездері қала тазалығы мәселесіне қатысты шымкенттіктер тарапынан сын-ескертпе аз айтылып жатқан жоқ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов осыған орай  аудан әкімдері мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме басшыларын шақыртып, жиналыс өткізді.

– Қала тазалығына жауапты мердігерлердің анықталып, жұмысын бастағанына 3 ай болды. Әлі де жұмыстарын реттей алмай жүр. Тұрғындар тарапынан айтылып жатқан шағым көп. Әлеуметтік желіде айтылып жатқан сынмен келісемін. Жұмыстарыңызды жандандырмасаңыздар болмайды. Шымкенттің тазалығы басты назарда болуы тиіс, — деді қала әкімі.

Тазалыққа жауапты мердігер компанияларда жұмыс күші жетіспейді екен. Ал, жұмыспен қамту орталығында 10 мыңнан аса азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Қала әкімі бос жұмыс орындарын жасырмай, осындай азаматтарды жұмысқа қабылдауды тапсырды.

Қала тазалығы мәселесіне салғырт қарап отырған аудан әкімдерінің де бұл жиында атына аз сын айтылмады. Мұрат Дүйсенбекұлы тазалықпен айналысатын мердігер мекемелердің жұмысын үйлестіру, қызметін қадағалау, бақылау тікелей аудан әкімдерінің жұмысы екенін атап өтті. «Барлығыңыздан нәтижелі жұмыс көрсетулеріңізді талап етемін», — деді қала басшысы.

Аудан әкімдері тазалық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді ортаға салды. Десек те, көп ретте онысы шашылып жатқан қоқыстың мекен жайын мердігер компанияға хабарлап айтудан әрі аспайтын сияқты.

– Тез арада барлық аудан бойынша кемшіліктерді ретке келтіріп, тазалық сақтау жұмыстарын жүйелендіруді тапсырамын. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын мердігерлердің жұмысын арнайы бақылауға алыңыздар. Аудандағы кәсіпкерлік субъектілеріне арнайы мекемелермен келісім-шартқа тұру арқылы аумағындағы қоқыстарды тазалау, уақтылы шығаруды ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Тұрғындарға тазалық этикасын барынша түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын, — деді қала басшысы.

Осылайша, бұл жиыннан аудандарда санитарлық-тазалықты сақтау, көгалдандыру, шөп ору жұмыстарын қожыратып алған бірқатар басшылар ескерту арқалап қайтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *