Белгілі журналистер Бейсенкүл Нарымбетова және Зәуре Оралбаеваның ұйымдастыруымен Шымкент қаласында БАҚ өкілдері мен баспасөз хатшыларына арналған «Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс» атты үш күндік семинар-тренинг өтті. Семинарға қалалық ішкі саясат басқармасы қолдау білдірді. Журналистер мен баспасөз қызметшілерінің біліктілігін арттыруға негізделген семинарда салаға қатысты мәселелер өзек болды.
– Бұл семинардың берері мол. Мемлекет басшысы да Жолдауда БАҚ саласына баса мән берген еді. Қазіргі заманда медианың алар орны ерекше. Жаңа Қазақстанды құруға БАҚ өкілдері де атсалысуда, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мұхтар Сейітжаппаров.
Ақпаратты алу, өңдеу және тарату жолдары, журналистік қызметті жүзеге асыруда заманауи техникалар мен технологияларды пайдалану тәсілдері, бүгінгі медиаортадағы өзгерістер мен даму бағыттары секілді тақырыптар аясында танымдық сабақтар жүргізілді. Журналистердің тіл тазалығын сақтауы маңызды екені ескеріліп, сөйлем құрауда орын алып жатқан олқылықтар нақты мысалдармен көрсетіліп, олардан арылу керектігі баса айтылды.
Семинарда медиа сарапшысы ӨркенКенжебек, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы БақтиярТайжан, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Шымкенттегі меншікті тілшісі Ғани Қалмахан тәжірибелерімен бөлісті. Бүгінде кеңінен қолданылып жүрген СММ маманы, мобилография, блогинг секілді бағыттар да қарастырылып, шараға қатысқан бұл саланың мамандары тәжірбиелерін ортаға салды. «Мұның барлығын жинақтап айтқанда іскерлік журналистика деп атауға болады», — деп, пікір білдірді шараны ұйымдастырушы Бейсенкүл Нарымбетова.
Заманауи медиаортаның тенденциялары талданып, жұмыс тобында қаралып жатқан еліміздің «БАҚ туралы» заңы да талқылаудан тыс қалған жоқ. Сала мамандары өз тараптарынан заңды жетілдіруге жарарлық ұсыныстарын ортаға салды. Семинарға қатысушыларға арнайы сертификат берілді.
Ә.Болатбек