Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Арыстың әкімі алдап жүр ме?


Арыс қаласындағы жарылыстың орын алғанына үш жылдан асып барады. Мемлекет басшысынан бастап барлық деңгейдегі лауазым иелерінің атсалысуының арқасында қауіптің беті қайтып, зақымданған нысандар қалпына келтірілді. Алайда, баспанасы жөндеусіз қалып, әліге дейін оның зардабын тартып отырған біршама отбасылар бар. Олардың қазіргі ахуалы қандай?

Оқиғаның орын алғанына бірнеше жыл өткеніне қарамастан снарядтың соққысынан құлаған үйлеріне өтемақы ала алмай жүргендер әлі де шағымдануын жалғастыруда. Солардың бірі — Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округіндегі Теміржолшы ауылының тұрғыны Асылхан Медетов. Бұл кісінің редакциямызға хабарласып, көмек сұрап жүргеніне екі жылға жуықтады. Әрине, біз жәрдем сұрап хабарласқан оқырмандарымыздың өтінішін мүмкіндігінше жерде қалдырмауға әрекет етеміз. Оқырманымыздың алғашқы шағымы бойынша сол кездегі қала әкімі Мұрат Қадырбек пен оның орынбасары Ербол Ақтаевты құлағдар еткен болатынбыз. Қала басшысы құлаған үйге қатысты арнайы құрылған комиссия үйдің шын мәнісінде жарамсыз екенін анықтаған-ды. Олар үйді жөндейтінін айтқанымен, уақытты созып жүріп алып, кейін басқа қызметке ауысып кетті. Қазір бұл екеуі де жоғарыда аталған қызметте жоқ, яғни енді ол екеуін бұл мәселе қызықтырмайды деген сөз. Ал, сөзін сөйлеп, қолтығынан демейтін ешкімі жоқ Асылхан Медетов пен өзімен тағдырлас бірнеше қарапайым азаматтардың мәселесі әлі күнге дейін шешілмей, қиналып жүрген жайы бар. Үйі жоқтың күйі қайдан болсын? Қарызға да белшесінен батқан екен.

А.Медетовтың қазіргі ахуалын, тұрмыстық жағдайын өз көзімізбен көргеннен кейін оған көмектеспеуді арымызға сын санадық. Сөйтіп, өткен жылдың маусым айында Арыс қаласының жаңа әкімі Гүлжан Құрманбекованың қабылдауында болдық. «Теміржолшы ауылы Түркістан облысының секторына қараған болса көмектесе аламын. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке жөндеусіз қалып қойған үйлерге қосымша қаржы қарау туралы хат бердім. Соның жауабын күтіп отырмыз, оң шешімін табады деген үміттеміз», — деген болатын сол кезде бізге Гүлжан Мамытқызы. Алайда, содан бері де жылдан аса уақыт өтсе де мәселе шешімін таппаған күйі тұр. Баяғы жартас сол жартас. Мәселе сағыздай созылып бара жатқан соң біз бұл жайтты Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың қайта есіне салу үшін бірнеше рет кездесуге әрекеттендік. Алайда, сәті түспеді. Кездесу кейінге сырғытыла берді. Әкімге дейінгі жауапты мамандар да бұл кездесуге кедергі болып жүргені байқалады. Иә, «Біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейді» демекші, Арыстың әкімі Асылхан Медетовтың мұқтаждығын шешуге асығар емес. Бәлкім, жаны ашымастың жанында басың ауырмасынның кебі келіп тұр ма? Егер солай болса халқына жаны ашымайтын әкімнің қажеті бар ма?

Үш жыл бұрынғы оқыс оқиғадан соң үйлері жөнделмей қалған жәбірленушілерге заңды тұрғыда ендіге жерде өтемақы төленіп, үйлері жөнделуі мүмкін бе? «Енді өтемақы төленеді дегенге өз басым сенбеймін. Гүлжан Құрманбекова азаматтарды босқа үміттендірген секілді. Өзіңіз ойлаңыз, сол кездегі қала әкімі облыс әкіміне, ол Үкіметке, Үкімет Президентке «жағдай толығымен реттелді, шығын 100 пайыз қалпына келтірілді» деп мәлімет беріп қойды. Енді арада үш жыл өткенде облыс әкімі Үкіметке, Үкімет басшысы Президентке «кешіріңіз, біз қателесіппіз, әлі жарылыстан құлаған, қалпына келтірілмеген үйлер бар екен» деп айтады дейсіз бе? Ол үшін өздері басымен жауап береді ғой. Адамдар үйсіз, далада жүрсе де әкімдер қызметін жоғалтпас мұндай «көзсіз ерлікке» бара қоймас», — дейді бұл мәселеге қатысты шымкенттік қоғам белсендісі Н.Садықов.

Осы аптада біз мәселені қайта қозғап, Арыс қаласы әкімдігі Құрылыс бөлімінің басшысы Ғани Садықовқа хабарласып, аймақ басшысына жазылған хаттың тағдыры мен өтемақы жайын сұрадық. «Өтемақы төленуі тиіс 17 үйді анықтап, олардың баспаналарын қалпына келтіру қажеттігі жайында облысқа өтінім тастадық. Алайда, бүгінгі таңға дейін не облыстық Құрылыс басқармасы тарапынан, не облыс басшылығынан ешқандай жауап, нақты көмек болған жоқ. Жақын күндері қала басшысы бюджет мәселесіне қатысты облысқа өзі бармақшы. Соған дейін аталған 17 үйге қатысты мәліметті дайында деген соң әзірлеп қойғанмын. Сіз айтып отырған Асылхан Медетов сол 17 үйдің тізімінде тұр», — дейді Ғ.Садықов.

Аудан басшысының хатына не себепті жауап келмегенін түсіне алмадық. Әрбір хатқа заңда көрсетілген мерзім ішінде жауап берілуі тиіс. Ендеше, неге заң талабы бұзылып отыр? Әрине, облыс басшысы өзінің мекен-жайына жіберілген әрбір хаттың тағдырына үңіліп отыруға мүмкіндігі жоқ шығар, бірақ, осы шаруамен айналысатын арнайы мамандар бар емес пе? Неге олар әрбірінің артында адам тағдыры тұратын хаттарды жауапсыз қалдырмауға мұқият болмайды? Мұның зардабын халық тартады.

Облысқа шын мәнісінде хат жолданды ма, жолданған жоқ па, жолданса оған қандай жауап болғанын біз білмейміз. Бірақ, хатқа облыс тарапынан жауап болмады деген уәжге қанағаттанған жоқпыз. Санамызда «бәлкім, бізді Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова осындай сырғытпа жауаппен алдап отырған болар» деген күдікті ой да жоқ емес. Ал Сіз не дейсіз, Гүлжан Мамытқызы?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *