Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Соңғы үштікте салпақтап жүрміз

 

Түркістан облысының білім саласы сапа жағынан республикада соңғы үштіктің қатарында. Дәлірек айтқанда, ҰБТ тапсырған биылғы түлектердің 37 пайызы шекті баллды да жинай алмаған. Ресми мәліметке сенсек, түркістандық түлектер көрсеткіштің соңынан санағанда екінші, яғни маңғыстаулық түлектерді ғана артта қалдырыпты. Бұл мәлімет көшеде жүрген көк аттының емес, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тарапынан да сарапқа түсіп, сынға алынды. Ол «ҰБТ бойынша ең төменгі көрсеткіш көрсеткен үш облыс әрбір мектеп бойынша талдау жасау қажеттігін, мұғалімдерді қайта оқыту керектігін» ескертті.  

Түлектердің көп бөлігінің шекті балл жинай алмауына бәлкім олардың қобалжуы себеп болған, яғни кездейсоқтық шығар деп өзімізді алдарқатқымыз келеді, әрине. Алайда, өткен жылғы көрсеткіш те мәз болмаған екен. Былтыр да соңғы үштікті түйіндеппіз. Көш соңында Атырау мен Маңғыстау облыстары.

«Түркістан облысының білім саласы сапа жағынан неге төмендеп кетті?» деген заңды сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, біздің облыста бұл саланың тізгінін ұстап, көшін бастап жүрген басшылар тарапынан біліктілік жетіспей, бақылау әлсіреп кеткен секілді. Бәлкім, облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Сәкен Қалқаманов дәрменсіздік танытып отыр ма екен, әйтеуір білім саласы былыққа батып барады. Ұстаздардың ұятсыз іс-әрекеттері жайында желіге таралған кейбір бейнетүсірілімдерге оқушы былай тұрсын ересек адамдардың өзі қарауға ұялады. Ал ордабасылық «боқтампаз завучтың» қалай желі «жұлдызына» айналғаны әлі естен шыға қоймады. Төлеби, Сайрам аудандық білім бөлімінің басшыларына қатысты келеңсіздіктер сала тынысын айғақтап тұрғандай. Ал, Сарыағаш ауданы білім бөлімі басшысының адам өлтіруге тапсырыс беруші ретінде күдікке алынғаны, тіпті таңдай қағарлық тірлік, жаға ұстатарлық жағдай болды. Айта берсек, мұндай бассыздықтар жіпке тізілген моншақтай жалғасып кете береді. Сонда біз болашағымызды кімдердің қолына сеніп тапсырып отырмыз?

Түркістандық ұстаздардың тәртібі ғана емес, білім-біліктілігіне қатысты айтылар сын да аз емес. Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматовтың мәлімдеуінше, биыл жыл басынан бері 366 білім беру ұйымының 181-іне аттестаттау жұмыстары жүргізілген екен. Оның ішінде 106 балабақша, 73 мектеп, 2 колледж бар. Нәтижесінде 14 білім беру ұйымы аттестатталса, 167-сінің біліктілігі талапқа сай келмеген.  Бұл мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім беру ұйымының 92,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар, электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 130 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш түсіп, оның 22-сі ғана қанағаттандырылған. Қалған 108-і біліктілік талаптарына сәйкес келмегені үшін кері қайтарылған.

Мұғалімдердің мәртебесін өсіреміз деп жалақысын көтердік. Қазір елдегі ең жоғары жалақы алатын мамандық иелерінің бірі – мұғалімдер. Алайда, жалақы көтерілгенімен, сапа төмендеп барады. Мектеп мұғалімдерінің сапалы дәріс беретініне сенбеген ата-аналар балаларын ақылы, жеке меншік мектептерге жетектейтін болды. Оған шамасы жетпегендер жалақысынан жырса да балаларын ақылы курстарға беруге мәжбүр. Сонда мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысын көтергендегі күткен нәтижеміз қане? Жағдай осылай жалғаса берер болса, онда мемлекеттің қаражатына мектеп ұстаудың қажеті қанша?

Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының тізгінін Дінислам Болатханұлының ұстағанына көп бола қойған жоқ. Жаңа басшының облыс білімінің көшін қалай сүйрерін уақыт көрсетер. Әліптің артын бағалық.

Нұр Мекен.   

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *