Басты жаңалықтар

«Тұран» күн санап түрленуде

Жаңа тұрғын алабы жыл санап көбейіп келе жатқан Шымкентіңізде «Тұран» деген әйдік шағынаудан бар. 2014 жылы бой көтергенімен, сапалы электр энергиясымен қамту жұмысы 2020 жылы ғана шешілген шағынауданның өзіне тән мәселесі жетіп артылады. Десек те, соңғы жылдары тұрандықтардың талап-тілегін орындау мақсатында арнайы жоспар құрылған.  Бұл шағынауданға қатысты шаруаның бәрі де қала әкімі М.Әйтеновтың бақылауында тұр. Тұрғындар ең алдымен сапалы электр энергиясын жүргізуді сұранған. Осы мақсатта қазір бюджеттен 3 056 805 млн теңге қаралып, 53,94 шақырымға электр сымы жүргізіліп жатыр. Биыл 3058 абонент, яғни 20 мың тұрғын сапалы жарыққа қол жеткізеді деген жоспар бар. Газ құбырын тарту да күн тәртібінде тұр. Биыл күзге дейін бірқатар үйлерге газ қосылады. Қалғаны келесі жылы толық көгілдір отынмен қамтылады.

Шағынауданда қазір 72 көше бар. Көбі ішкі орам жол. Сол ішкі орам жолды жөндеу, автобус тасымалын қамтамасыз ету үшін арнайы бағыт ашу ісі жоспарға ілінген. «Тұран» шағынауданының ерекшелігі сонда, мұнда көпқабатты үйлермен қатар жер үйлер де жетерлік. Әрине, көпқабатты үйлердің инфраструктурасы жүйелі жүргізілгенімен, жеке үйлерге қатысты мәселе көп-ақ. Жол, су құбыры, жарық желісі дегендер кезең-кезеңімен тартылуда.

«Бүгінде жеке сектордың жол, газ және кәріз жүйесі қолға алынып, тұрғындарға жағдай жасалуда», — дейді Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Оралов. Ал, көпқабатты үйлердің ортақ ауласынан балаларға арналған ойын алаңшасын ашу бұл шағынауданда кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, бұл ауданда тұратындардың көбі жас отбасылар. Үйлерінде шүпірлеген сәбилері бар жас жанұяларға ең қажеттісі де бала-шағаның аулаға шығып, бір мезет секіріп ойнағаны. Бұл орайда Қаратау ауданының әкімдігі қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарға жайлы мекен жасауға ұмтылуда.

Жаңадан бой көтерген шағынаудан осылайша күн өткен сайын түрленіп келеді.

Цифра: Бюджеттен 3 056 805 млн теңге қаралып, 53,94 шақырымға электр сымы жүргізіліп жатыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *