Шымкентте үш мектеп күрделі жөндеуен өтуде. Бұл жаңа оқу жылына дайындықтың басы ғана. Демографиялық өсімі жоғары мегаполисте мектеп тапшылығы әлі де сезіледі. Сынып бөлмелерінің тарлығы да талай жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Десек те биыл бұл мәселенің бірқатары шешімін тапқалы тұр.
Жалпы, биыл Шымкентте 1 сыныпқа 28 мың бала қабылданады деп жоспарлануда. 2022 жылы оқушыларды қосымша біліммен қамту мәселесі 77,1 пайызға жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымы және 17 аула клубы, мектепішілік түрлі үйірмелерде қалалық оқушылардың 76 пайызы қосымша біліммен қамтылды. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 мың бала бар. Өзге қалалармен салыстырғанда Шымкентте ғана өткен оқу жылында 1-4 сынып оқушылары толығымен ыстық тамақпен қамтылды. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз, карточкалық жүйеге өтті.
– Ал ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы орталықтар ашу үшін тиісті құжаттамалар ресімделуде. 122 логопункт кабинеттері, қосымша 46 логопед штат бірліктері, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылады, — дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Айта кету керек, мегаполисте бала бақша санын да арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған сияқты. Мысалы, қаладағы мектепке дейінгі 577 білім беру мекемесінде кезекте 88 429 бала тұрған болса соның 88,6 пайызы бала бақшамен қамтылып отыр. Дегенмен әлі де қалған пайызы кезек күтуге мәжбүр. Қамтылғандардың ішінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер саны – 53 558, 2-6 жас аралығындағылар — 76 416. Екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралды. Кезектегілерді толық қамту мақсатында 2480 орынды құрайтын 28 балабақша ашу жоспарланып отыр. Баланың қауіпсіздігін сақтау мен ата-аналардың талап-тегіне орай мемлекеттік балабақшалардың бәріне бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүруде екен.
Ал, күрделі жөндеуден өтіп жатқан 3 мектептің жайына келетін болсақ, мысалы, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Жауапты мердігер – «ШАХ құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылысшылар оқу жылы басталғанша мектепті жөндеп бітеміз деп отыр. 1989 жылы салынған білім ошағы 33 жылда бірінші рет күрделі жөндеуден өтуде екен. Келесі нысан – А.Навои атындағы № 11 мектеп. Мұнда да күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүруде. Құрылысшылар жалпы жұмыстың 70 пайызын аяқтадық деп отыр. Мердігер «Авторемстрой ЛТД» ЖШС нысан құрылысын 20 тамызда аяқтаймыз деп жоспарлауда.
Биыл жалпы 5 білім беру ұйымында (№11, №50, №107 мектеп, 1 балалалар үйі, 1 арнайы мектеп-интернат) күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. 4 мекеменің ЖСҚ-ы дайын. Одан бөлек, 20 мекемеге ЖСҚ дайындалуда.
Десек те, білім басқармасының алдына қойылып отырған талаптар да жоқ емес. Қала әкімі басқармаға балабақшаларға қатысты кешенді жоспар дайындауды, педагогтардың бейінділігін реттеуді тапсырған. Медицина, спорт, білім саласы бірлесіп инвесторлар тарту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ауқымды көрме ұйымдастыру, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын жан-жақты зерделеп, талап бойынша 20 тамызға дейін барлық мәселе шешілуі керек. Ал оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, турникеттердің жұмысын тексеру, эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу, білім беру ұйымдарындағы жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына дайындығын пысықтау, межеленген индикаторлардың әрбірінің орындалуы бойынша талдау жүргізу қала басшысының бақылауында болатын мәселе екені сала мамандарына ескертілді.