Кез-келген тосын жайтқа дайын болуымыз керек. Қалай болған күнде де қол қусырып қарап отыруға болмайды. Еліміз бойынша күн сайын 2,7 мыңнан аса адам КВИ жұқтыруда екен. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова биыл КВИ-ге шалдыққандардың басым бөлігі екпе алмаған азаматтар екенін айтты. Ковидпен ауырғандардың 70 пайызы Алматы, Нұрсұлтан қалаларынан және Қарағанды облысынан екен. Бұл жағдай еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте де белең алмасы үшін қазірден бастап әр адам сақтық шарларын күшейткені жөн.
«Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коронавирус инфекциясына қарсы QAZ VAC екпесінің төртінші құрамдас бөлігін №3 қалалық емханасында салдырды. Мұрат Әйтенов екпеден кейін 30 минут медициналық бақылауда болды. Қазір жағдайы жақсы» деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. Ревакцинация вируспен күресудің жалғыз тиімді жолы.
Шымкент қаласында соңғы 1 ай көлемінде 1944 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 1215-і аурудан айыққан. Соңғы тәулікте 18 адамнан қауіпті ауру белгілері анықталыпты.
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында қазір КВИ жұқтырған 32 азамат ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы тұрақты дейді. Десе де шымкенттіктерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. 697 науқас үй жағдайында ем қабылдауда. Сол себептен де Шымкентте коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық жұмыстары қолға алынып отыр. Жұқпалы дерттің алдын алу бойынша ең маңыздысы вакцинация. Қалада вакцина қоры жеткілікті. Тек өзіңіздің және жақындарыңыздың амандығы үшін дерттің алдын алу шараларын өз еркіңізбен қолға алсаңыз болғаны. Санитар мамандар да осыны айтуда.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қаладағы бірқатар медициналық мекемелердің ковидтің жаңа толқынына дайындығын тексеріп шықты. Бақылау барысында жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Ең бастысы қалада дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар. Жаңадан салынған оттегі тарату стансасының жұмысы да көңіл қуантарлықтай. Қалалық емханаларда да вирустың кең таралмауына қатысты шаралар қолға алынып, бірқатар қауіпсіздік жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, №3, 5 емханалардың жұмысымен танысу барысында қала әкімінің бірінші орынбасары күніне 50-ден астам адам ревакциналаудан өтіп жатқанын білді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары медициналық мекеме басшыларына вакциналау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Екпенің пайдасын халыққ амамандар түсіндіре білуі керек. «COVID-19-ға қарсы ревакцинация алдыңғы вакциналар көмегімен қалыптасқан иммунитетті сақтауға және ағзаның аурудан қорғанысын күшейтуге көмектеседі», — дейді эпидемиолог мамандар. Дегенмен, КВИ-мен ауырғандар сияқты екпе алғандардың да инфекциядан қорғану деңгейі уақыт өте келе төмендейді екен. Нәтижесінде адамның қайтадан инфекция жұқтыру мүмкіндігі жоғарылайды. Сол себептен де дәрігерлер бастапқы вакцинациясы курсын алғаннан кейін 6 айдан соң КВИ-ге қарсы ревакцинациядан өтуге кеңес береді.
Вакцинаның 1-ші компонентін Шымкентте — 619 672, 2 -ші компонентін — 608 458, 3 -ші компонентін — 361 151, 4 — компонентін – 21910 адам салдырған.