Әлеумет Басты жаңалықтар

Бидай да орылып, мектеп те салынып жатыр


Қазығұрт ауданында қызу жұмыс. Бос жүрген адам жоқ. Дихан егістігінде, құрылысшы нысан басында тер төгуде. Мысалы, Шарбұлақ ауыл округінде «Сапа-2002» ЖШС-нің диқандары егінге орақ салды. Апта басында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған жұмыс сапарында осы шаруашылықтың жұмысымен де танысты. Егістікті әртараптандыру, жаңа технологияларды қолдану бағытында дихандармен пікір алмасты.

– Ауылшаруашылығы – тұтас Түркістан облысының негізгі драйвері. Өңірде биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 850 мың гектардан астам жерге ектік. Егіс көлемі өткен жылдан 14,4 мың гектарға ұлғайды. Бұл –біріншіден, биыл жауын-шашын мол түскенінің арқасы, екіншіден, жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде қол жеткен жетістік. Өңір диқандары ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып, облысты дамытуға еңбек сіңіріп жатыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасы тұрақты, жем-шөп бағасы да шаруаларға қолайлы, — деді Өмірзақ Шөкеев.

Ал «Сапа-2002» ЖШС бүгінде 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік 6 мың гектарға жуық жерге элиталы астық тұқымын өсіру, бидай, мақсары, жоңышқа егумен қатар қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді, құйрықты қойы және меринос қойын бағумен айналысады. Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, биыл 90 мың гектардан астам жерге егіс егілді. 40 мың гектарға бидай, 5400 гектарға арпа себілген. Қазіргі таңда егіннің 70 пайызы қамбаға құйылып үлгерген. Егіс түсімі молайған. Алды 25 центнерден асып отыр.

Қ.Әбдалиев ауыл округіндегі 200 орынды П.Тәжібаева атындағы мектептің құрылыс барысымен де танысқан облыс басшысы құрылыстың сапасына мән беру керектігін айтты. Былтыр басталған нысан қыркүйек айының соңында ел игілігіне берілмек. Жалпы, биыл ауданда екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Тағы 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен бірге облыс әкімі Қазығұрт ауданындағы КХ-45 «Айнатас — Қақпақ» 0-17,6 шақырым автожолының орташа жөндеу жұмыстарын қадағалады. Түркістан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен қолға алынған жөндеу жұмыстары 2023 жылы аяқталмақ. Аудан жолдарының сапасы бір жылда 60 пайыздан 93 пайызға жақсармақ. Өмірзақ Шөкеев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі талапқа сай етіп жүргізуді, кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды. Облыс әкімі сонымен бірге Қақпақ ауылдық округіндегі «Ынтымақ» ӘКК» ӨК салып жатқан шағын су электр станциясының құрылысын бағдарлады. 2 гектар аумаққа орналасатын станцияға 400 млн. теңге инвестиция құйылған. Қуаттылығы 1,3 МВт электр энергиясын өндіруге жетеді.

Жұмыс сапарында Қызылқия ауылындағы жеке инвестор салған спорт кешенін аралап көрген өңір басшысы спорт орталығының жұмысын жоғары бағалады. Сейіткәрім Нұрмаханбет басқаратын спорт кешенінде 10 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда бокс, күрес және өзге де спорт түрлерінен жаттығу жасауға жағдай бар. Тек мемлекеттің қаражатына иек артпай, жеке инвесторлар есебінен де спорт нысандарын көбейткен жөн екендігін тілге тиек еткен облыс әкімі Қазығұрт ауданының даму бағытындағы жұмыстарын қуаттап, аудан басшысына тұрғындармен тығыз байланыста болуды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *