Әлеумет Басты жаңалықтар Біле жүріңіз Мәселе

«Мұғалімнің біліктілігіне қатысты шағым көп»

Ғалымжан Алматов, Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

–Ғалымжан Бауыржанұлы, алдымен сіз басқаратын департаменттің негізгі міндеттеріне тоқтала кетсек…

 –Департаменттің негізгі міндеттері: білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру және өз құзыреті шегінде білім беру қызметінің көрсетілуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.

Сонымен қатар, негізгі функцияларымыз Түркістан облысының білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу, тәуекел дәрежесіне сәйкес профилактикалық бақылау жүргізу, арыз-шағымдар мен өтініштер бойынша тексерулер ұйымдастыру, білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізуді (оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, күрделі және ағымдағы жӛндеу жұмыстарын жүргізу, мектеп құрылысы, апатты және үш ауысымды мектептер, педагогтардың біліктілік санаттары, білім беру ұйымдарының конкурс бойынша тағайындалуы т.б.) бұйрықтардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады.

Жүктеме үлкен. Ал департаменттің штатында 11 бірлік қана бар. Ең бастысы біздегі қызметкерлердің бәрі тәжірибелі, білікті маман. Солардың біліктілігіне сүйене отырып, бізге жүктелген міндетті мезгілінде және сапалы атқаруға күш салып келеміз.

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті негізгі 2 (екі) мемлекеттік қызметті көрсетеді. Ол – білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру және білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу.

Жақында БАҚ беттеріне берген ақпаратыңызда Түркістан облысында білім беру мекемелерінің 92 пайызы аттестациядан өтпегенін айттыңыз. Ол мектептер әсіресе, қай аудандарда? Өтпей қалған мекемелерге қойлатын ендігі талап қандай?

–Облысымызда барлығы 2593 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 1376 мемлекеттік білім беру ұйымы (жекеменшік 1217). «Білім туралы» Заңының талабы бойынша білім беру ұйымдары, ведомомстволық бағыныстығына қарамастан 5 жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтеді.

Департаменттің 2022 жылы тізімде бекітілген 366 білім беру ұйымының 181-інде, атап айтқанда 106 балабақша, 73 мектеп, 2 колледжде мемлекеттік аттестаттау шарасы жүргізілді.

 Нәтижесінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарт талаптарына сәйкес келген 14 (7,7%) білім беру ұйымы (8 балабақша, 6 мектеп) аттестатталды. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарт талаптарына сәйкес келмеген 167 (92,2%) білім беру ұйымы (98 балабақша, 67 мектеп, 2 колледж) аттестатталмады.

Бұл, мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім беру ұйымының 92,2 % құрайды.

Ал, қайта мемлекеттік аттестатау шарасы 100 білім беру ұйымында жүргізілді. Оның ішінде, 55 балабақша мен 41 мектеп, 2 колледж қайта мемлекеттік аттестаттау нәтижесінде бұған дейінгі кемшіліктерді жойғаны туралы есебі алынды. Яғни, қайта мемлекеттік аттестаттау барысында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес деп танылып, олар аттестатталды.

Орайы келгенде айта кетейін, бұған дейін ескертілген кемшіліктерді жоймағандары да кездесті. Мысалы, «Білім туралы» Заңның 59-бабы                   8-4-тармағына сәйкес 2022 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған 2 балабақша (Сарыағаш ауданы, «Нұр-Мамыр», «Нұр Эшан» бөбекжай-балабақшалары) қайта мемлекеттік аттестаттау нәтижесінде заң бұзушылықтарды толық жоймағаны қайта анықталды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар тізілімінен бұл білім беру ұйымдары алынып тасталды.

Аттесттаудан өткізілетін білім беру ұйымдары басшыларына ай сайын семинар ұйымдастырылып, мемлекеттік аттестаттау жұмыстарына әдістемелік көмек көрсетіледі.

Жалпы, аттестациядан бірінші жолы өте алмағанға кемшіліктерді жойып, екінші рет өту мүмкіндігі берілген.

Анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері білім беру ұйымындағы бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық мүмкіндіктердің болуын ескере отырып, кемі 10 күннен бір жылға дейінгі аралықта аттестаттаудан қайта өту жөнінде өтініш бере алады.

Егер, екінші реттен де өте алмаса біз ол мекемеге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргіземіз.

–Сіз басқарып отырған департаментке өздеріңнің талап-тілегін, арызын арқалап келуші мұғалімдер көп пе? Оларды көбіне не алаңдатады екен? Арыздар бойынша қандай шаралар көрілуде?

–Жасыратыны жоқ, педагогтер арасында әлі де болса өз құқығын білмейтін, білсе де өзін заң жүзінде қорғауға әрекеттенбейтін қауымның қарасы басым. Зайырлы мемлекетте ең алдымен заң үстемдігі жоғары болуы керек. Қоғам тәрбиесінде басты рөл атқаратын мұғалімдеріміз ең алдымен өз құқықтарын қорғауға қабілетті болғанын қалар едім. Дегенмен, біз мұғалімдердің арыз-шағымын кез-келген ақпарат көзі арқылы бақылауға алып, мәселенің мән-жайын анықтап, тиісті шара көруге дайынбыз. Соңғы жарты жылда департаментке әлеуметтік желі арқылы және тікелей 104 арыз шағым келіп түсті. Оның 57-сі департаментте қаралып, 40 өтініш мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде қарауға жолданды. Ал 7 өтініш бойынша мәселені анықтау арыз иесінің қараусыз қалдыру жөніндегі талабы бойынша тоқтатылды.

Департамент тарапынан қаралған 57 арыз-шағымның 14-і бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Осы тексерудің нәтижесінде 7 әкімшілік іс қозғалып, 6 лауазымды тұлға және 1 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік іс қозғалған 7 іс материалдары бойынша ҚР әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409 бабы негізінде жауапты азаматтарға айыппұлдар салынды. Жалпы алғанда 75 АЕК бойынша айыппұл салынып, өндіріліп отыр.

Арыз-шағымдарды сараптай келе байқағанымыз жиі кездесетін мәселенің бірі педагогтердің біліктілік талаптарына қатысты болып отыр. Сонымен қатар, жұмыс оқу жоспарының пәндеріне сәйкес келетін педагогтердің тиісті бейіні бойынша дипломына, білім беру ұйымымен бекітілген алқалық органдардың (педагогикалық кеңес, әдістемелік кеңес, педагогикалық әдеп бойынша кеңес) жұмысына, оқу үрдісіне, ұлттық білім беру деректер қорының статистикалық деректерінің білім беру ұйымының нақты деректеріне, апталық сағат жүктемесінің бөлінуіне, педагогикалық әдеп қағидаларының сақталуына қатысты болуда.

–Соңғы кезде мұғалімдерді «Педагог мәртебесі тарулы» заң талаптары жап-жақсы қорғап жатқан сияқты ғой…

–  Әрине, бұл заң мұғалімнің қоғамдағы рөлін айшықтап беруде үлкен көмек болғаны рас. Дәл осы заң талаптарының бұзылуы жөнінде әлеуметтік желілер мен е-Өтініш порталы арқылы 4 шағым келіп түскен.

Мазмұнына тоқталсақ, мысалы, педагогті кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту (оқу кабинеттерін сырлау, тазалау), педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу (сынып кабинеттеріне тақта сатып алу), педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде былапыт сөйлеуден (мектеп директоры педагогке педагогикалық әдеп нормаларын сақтамай дауыс көтеріп, былапыт сөздер айтқан), лайықсыз мінез-құлықтан, әбес қылықтар (масан түрде көлік айдау бойынша ІІБ тіркелуі) құрметтемеушілік таныту сияқты шағымдар.

–Сөзіңіз аузыңызда, сол шағымдар әсіресе қай мектептерден түскенін нақтылай кетсек бола ма?

–Ол құпия емес, несін жасырамыз?! Мысалы, Арыс ауданында орналасқан Б.Оңтаев атындағы мектеп директоры педагогикалық әдеп нормаларын бұзған. Шағымда айтылған фактілер анықталып, әкімшілік іс қозғалып, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 409-бабы 7-6 бөлігі бойынша директорға 30 АЕК айыппұл салынды.

 Сауран ауданы, «Ескі Икан» жалпы орта мектебінің директоры мұғалімдерден кәсіподақ төрағасының ұсынысымен қаржы жинап, сынып бөлмелерінің тақталарын ауыстырған. Департамент тарапынан әкімшілік іс қозғап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 409-бабы 7-3 бөлігі бойынша ескерту жасалды.

Сол сияқты Шардара ауданы, «Достық» мектебінің директорына да «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын сақтамауы бойынша әкімшілік іс қозғалып, ескерту берілді.

Төлеби ауданы «Ұйымшыл» мектебінің директорының әдеп нормаларын бұзуы бойынша тәртібі департаменттің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінде қаралып, Төлеби аудандық білім бөліміне мектеп директорына тәртіптік шара көру бойынша ұсыныс жолданды.

Ең бастысы білім беру қызметіне берілетін лицензиясы мен лицензияға қосымшасын алмай білім беру қызметін жүргізіп жатқан 2 мектепке, «Білім туралы» Заңның 40-бабы 2-1-тармағына сәйкес, Сауран ауданының №13 мектебі мен Түркістан қаласының №28 мектебіне қатысты лицензиясыз жұмыс жасағаны үшін департамент тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік істер жөніндегі сотына жолданған болатын. Сот шешімімен әр мектепке 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кететін жәйт, Сауран ауданының №13 жалпы орта мектебі лицензияға өтініш бергендіктен лицензиясы мен лицензияға қосымшалары берілді. Ал, Түркістан қаласының №28 мектеп-лицей заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап алты ай ішінде бiлiм беру қызметiмен айналысуға лицензия алмаған. Ал лицензиясы жоқ мекеменің жұмыс істеуге құқы жоқ. Сондықтан да бұл мәселе сот арқылы шешілу керек. Бұл бойнша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданды.

Жалпы бізде жұмыс ашық жүргізіледі. Кез-келген мәселе бойынша мұғалімдер өз өтініштерін департаментке жолдай алады. Департаменттің ресми сайты бар. Оқырмандарға қажетті мәліметтер мен жаңалықтар мерзімінде жарияланып отырады. Сонымен қатар сайтымызда педагогтер мен ата-аналар туындаған мәселелері бойынша хабарласу үшін сенім телефоны көрсетілген.

Қазіргі уақытта көпшілік жаңалықтарды әлеуметтік желілерден алатындықтан Facebook, Telegram, Instagram әлеуметтік желілерінде Департаменттің парақшалары бар.

Облыстың, аудан, қаланың білімді басқару органдары тарапынан сұрақтар мен өтініштер болып жатқан жағдайда, Департаментке жүгінуіне әбден-ақ болады.

Департаменттің сенім телефондары: 8-775-740-1207, 8701-526-0478 – басшының орынбасары және 8(72533) 5-75-54, 8(72533) 5 75-57 телефондарына хабарласуға болады. Ресми сайт сілтемесі: ukocontrol.gov.kz. (юкоконтрол.гов.кз)

–Ғалымжан Бауыржанұлы, білім беру қызметін лицензиялау мәселесі де бүгінде қоғамда қызу талқыға түскен тақырып. Әсіресе, балабақшалардың лицензиясыз жұмыс істеп келгені ата-аналарды алаңдатып отырғаны рас…

Балабақшалар бойынша мәселе соңғы кездері әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Балабақшада орын алып жатқан неше түрлі видеожазбалардан кейін ата-аналардың қорқып, уайымдап қалғаны рас.

Кішкентай бүлдіршіндердің балабақшада аман-есен жүруі, ата-аналардың сенімді болуы үшін аталған ұйымның жұмыстары талапқа сай болуы шарт.

Ал, бізде балабақшаға қатысты арнайы талаптар қандай? Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың бірыңғай талаптары жоқ. Керек десеңіз, балабақша ашылғанда қандай жағдай жасалғанын, кімдерді жұмысқа алғанын, материалдық-техникалық жабдықталуын ешкім тексермейді.

Жалпы, бізде 1400-ге жуық балабақша бар, оның 1000-нан астамын жекеменшік балабақшалар құрайды.

Қазіргі таңда балабақшаларды лицензиялау мәселесі жұртшылық арасында белсенді талқылануда.

Жұртшылықтың пікірі екіге жарылды. Біріншісі, балабақшаларды тез арада лицензиялауды бастаған дұрыс, өйткені балалардың құқықтарын бұзуға жол бермеу керек деп есептейді.

Екіншісі мемлекет лицензиялауды енгізе отырып, мектепке дейінгі білім беруде жеке бизнестің дамуына кедергі келтіреді, лицензиялау жекеменшік балабақшалардың жабылуына әкеледі деп санайды.

Негізінен мемлекет балабақшаларды жабу міндетін қойып отырған жоқ, лицензиялау мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға да бірдей жүргізіледі.

Мемлекет балабақшаларды қолдап отыр. Айталық, биыл мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 300-ден астам балабақша ашылды, олардың жартысынан көбі – жекеменшік, оның 140-ы – он мыңнан астам орынға қазіргі таңда ашылды.

Балалардың құқықтарын қорғауды, олардың балабақшаларда қауіпсіз болуын қамтамасыз етуді қаласақ, балабақшалар аттестаттау жүйесі арқылы тексерілуі керек. Айта кететін жәйт. Балабақшаларға білім беру қызметіне берілетін Лицензиямен 2011 жылға дейін жүргізіліп келген.

Лицензия балабақшаны ашу кезінде балалардың жағдайын тексеруге мүмкіндік береді. Оған бейнекамералар орнату, оқу материалдарының болуы, санитариялық және өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, меншікті немесе жалға алынған ғимараттың болуы, топтардағы балалар саны бойынша нормалардың сақталуы сияқты талаптар қойылып отыр. Педагогтардың біліктілігі, оқу және ойын алаңдарының болуы, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру бағдарламаларына қатысуы, денсаулыққа, медициналық қадағалау, тамақтану нормалары да қатаң сақталуы тиіс.

Тағы бір мәселе, жекеменшік мектептер мен колледждер де лицензияланады. Сонымен қатар, олардың саны 3 жыл ішінде 3 есеге жуық артты, бұл біліктілік талаптарының орындылығын дәлелдейді. Жалпы облысымызда электронды үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 6 айда 130 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш түсті. Оның  22-сі қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 108-і бойынша өтініштен бас тартылды.

Айта кету керек, көптеген елдерде мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады немесе аккредиттеуден өтеді. Германияда барлық балабақшалар лицензияланған, Австралияда лицензия ұлттық сапа кепілдігі негізінде беріледі және талаптар мемлекетке байланысты өзгеруі мүмкін. Канадада, АҚШ-та, Португалияда, Ресей Федерациясында да лицензиялау қолданылады. Тіпті мынау көршіміз Қырғызстан Республикасында да лицензияны тек жекеменшік балабақшалар алады.

Жалпы, мемлекет балабақшаларды лицензиялауды кезең-кезеңімен енгізгелі отыр. Бұл ретте балабақшадағы жұмысы сапалы жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге қорқатын ештеңе жоқтығын айтқым келеді.

Яғни, мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда:

– бірінші кезеңде – ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар;

– келесі кезеңде – жұмыс істеп тұрған, бірақ мемлекеттік аттестаттаудан қайта өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар;

– содан кейін барлық басқа қолданыстағы балабақшалар.

Қорыта айтқанда, кәсіпкерлер мен қалыпты жұмыс істейтін балабақшалар үшін лицензиялау еш шығынсыз реттеу құралы болмақ.

–Жаңа оқу жылы да есік қағып тұр. Оған дайындық мәселесі қай деңгейде?

–Білім беру ұйымдарында жаңа 2022-2023 оқу жылының дайындығы туралы мониторинг жүргізілуде. Басты мәселе оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешеңімен қамтамасыз етілуін қадалаудамыз. «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыруға, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуіне, мектеп құрылысы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен жабдықтауға, мұғалімдердің кәсіби қызметін қамтамасыз ету мәселесіне жіті көңіл бөлудеміз. Бұл бойынша білім басқару органдарына мониторинг жүргізіліп жатыр.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан  Жәмила МАМЫРӘЛІ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *