Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Қарасуда кемшіліктер жойылды…

    Газет көтерген мәселе шешімін тапты

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Қарасу қолқаны қапқан иістен құтыла ма?» деген тақырыпта мақала жариялағанбыз. Онда елден естігенімізді емес, көзбен көріп, куә болғанымызды жазу үшін Сайрам ауданының Қарасу ауылына барып, тұрғындар айтқан келеңсіздіктерді мәселе етіп көтердік. Нақты айтар болсақ, көшедегі жарықтың жанбай тұрғаны, шашылған қоқыс, жол жөндеушілердің бүтінді бүлдіргені жайында сын айтылды.

«…біздің ауыл ойламаған жерден қоқыс полигонына айналды. Ол аз болғандай, жуырда көшемізге асфальт төсегендер үлкен жолдың бойындағы су құдығының қақпағын сындырып алыпты. Соның орнына біздің көшедегі құдықтың қақпағын апарып қойды. Біздің айтқанымызға құлақ аспады. Енді біз аузы ашық құдыққа ойнап жүрген балалар түсіп кетпейді ме деп уайымдап отыратын болдық. Баланың аты бала ғой, байқаусызда құлап кетсе не болады? Кім жауап береді?», деп шырылдаған-ды ауыл тұрғындары Марат Жаппаров пен Айдос Ермекбаев.

Бізбен бірге ауылға барған ауылдық округ әкімінің орынбасарыЕркін Мұсатаев сол күннен бастап жұмыстың қолға алынатынын айтқан еді. Бірақ жұмыс кешеуілдепті. Қарасу ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдықовтың өзі айналысқан соң ғана нәтиже байқалды. Қоқыстар тазаланды, ал көшедегі жарықтардың дайын екені, мердігерлерден қабылдап алған соң іске қосылатынын айтты.

Осы дүйсенбіде редакцияға хабаралсқан Д.Сыдықов жол жөндеушілер тарапынан жіберілген кемшіліктің де ретке келтіргенін растайтын суреттер жібере отырып, былай деді: «Мақалада көрсетілген кемшіліктер толығымен жойылды. Бұл туралы ауыл тұрғындарымен де сөйлестік. Сөзімізді растау үшін сіздерге дәйек болар суреттерді де жіберіп отырмыз. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктер орын алмауы үшін бақылауды күшейтеміз».

Иә, газеттің көтергені жеке бастың емес, бүкіл бір ауылдың мәселесі. Егер жергілікті әкімдік сол сыннан қорытынды шығарып, кемшілік жөнделсе, оған тұрғындардың рахметтен басқа айтары болмасы анық. Қарасу ауылдық округінің әкімі алдағы уақытта да халық сенімінен шығып, үміттерін ақтай береді деген сенімдеміз.

Қ. БАСТАУ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *