Базарқақпа тұрғын алабы Абдулабад көшесіндегі «Басымбек ата Сайрам» мал базарына қатысты шағым көп. Тұрғындар мал базардан шығатын сасық иіс пен у-шудан зәрезап болғандарын айтады. Тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан базардың сыртқа, аулақ аумаққа көшірілгенін қалайды. Осыған байланысты Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен мал базардың жұмысына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Тұрғындардың шағымы расталы. Ендігі жерде базар иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өткен аптада аталған нысанда арнайы жиын өтті. Оған құзырлы басқармалардың және аумақтық инспекциялардың өкілдері қатысты.
«Аптаның әр жұма күні бұл базарда мал ретсіз, қадағалаусыз сатылып жатыр. Сонымен қатар ветеринариялық-санитарлық талаптарға қайшы және жердің нысаналық мақсатына сай емес пайдалануда», — дейді жұмысшы топ өкілдері.
Осындай келеңсіздіктерден аумақта эпизотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Тұрғындар мен қоршаған ортаға аса қауіпті аурулардың таралмауына ешкім де кепілдік бермейді. Орны толмас өкінішті жағдай болмас үшін, базар басшылығына базарды жабу жөнінде ұсыныс айтылды.