Әл-Фараби ауданына қарасты «Сәуле» шағынауданындағы Жаңабазар көшесіне жуырда ауыз су құбыры тартылып, пайдалануға берілді. Енді осы көшедегі 40-тан астам үй сапалы ауыз су ішетін болды. «Текесу» тұрғын алабының тұрғындары да таза суға зар. Қазір мұнда да су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысты «Жаңару» ЖШС жүргізуде. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылуы тиіс.
Ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 28 балалар ойын алаңшасы орнатылды. Жыл соңына дейін жоба шеңберінде тағы 22 балалар ойын алаңшасы салынбақшы. Одан бөлек, 9 спорт алаңшасы бой көтеріп, 9 спорт алаң ағымдағы жөндеуден өтеді екен.
Әл-Фараби ауданы Шымкенттің орталық бөлігінде орналасқан. Сондықтан да мұнда инфрақұрылым мәселесі оңды шешілген. Десек те, соңғы жылдары халық санының өсуіне байланысты шағынаудандардың жаңақұрылыс аймағында ауыз су, электр қуаты, табиғи газ мәселесі оқтын-оқтын бас көтеретіні бар. Мұның бәрі де аудан әкімінің бақылауында. Қазір бұл проблемаларды болдырмаудың нақты жоспары жасалып, жол салу, өзге де коммуналдық қызмет түрлері бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алған.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаевтың айтуынша, «Ақтас-2» шағынауданы мен 276 орам тұрғындары әлі де қыста көмір жағады. Оларға газ керек. «Ақтас-2» шағынауданына газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін құрылысы бітіп, үйлерге газ берілетін болады. Ал, 276 орамға газ жеткізу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатыр.
Айтпақшы, ауданда кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 87 пайызды құрайды. Биыл Шолохов көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі екен.
– Хлопзавод көшесіне кәріз құбырын тарту үшін жуырда құрылыс басталды. Қазан айына дейін қолданысқа беріледі. Ауданда ұзындығы 299,1 шақырымды құрайтын 404 көше бар. Жолдың 88 пайызы асфальт, 12 пайызы тас жол. Жыл соңына дейін 30 көшеге асфальт төселеді, — дейді аудан әкімі Рашид Мыңбаев.