Биыл Қазақстан мен
Әзірбайжан Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30
жыл толып отыр. Айтулы датаға орай Бакуде «WelcometoKazakhstan» атты туристік-мәдени
күндері өтуде. Оған еліміздің бірқатар өңірінен арнайы делегация қатысып, өз
аймақтарын әзірбайжан ағайынға таныстыруда.
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшілігінің қолдауымен Бакуде «Шымкент қаласының күндері» де өтті. Бір апта бойына Бакудегі «Шымкент қаласының күндері» аясында Оңтүстік өңірдің қонақжайлылығы, гастрономиялық тағамдары, мәдениеті мен салт-дәстүрі кеңінен насихатталды. Шымкент делегациясының құрамында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған бірқатар депутаттар болды.
Ресми таныстырылымда қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров Қазақстан мен Әзірбайжанның тарихи-мәдени құндылықтарының ұқсастықтарын сөз етті. Өткен айда елімізде ұйымдастырылған Туристік ақпараттық орталықтардың I слетінде Әзірбайжан елі оң көзқарас танытып, белсенді қатысқанын айтып өтті.
«Шымкент қаласының күндері» аясында ұйымдастырылған іс-шараларға келушілер тек қаланың туристік әлеуетін танып қана қоймай, «Сандық» ресторанының ұлттық тағамдарын, Майра Мұхамедқызының опералық әндерін және Бағжан Октябрьдің виолончельмен тартқан әуендерін тыңдап, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұсынған VR-көзілдірік арқылы виртуалды Шымкентке көз тоқтатты.
Шымкенттің ерекшеліктеріне қызыққан Әзірбайжан тұрғындары оңтүстіктің төріндегі мегаполиске келуге ынтыға түскендей. Бакудегі күндерді тамашалаушылар арасында «Қалай баруға болады?» деп сұраушылар жиі кездескен. Бұл біздің делегацияның қала туризмін дамытып, туристер легін арттыру жоспарының орындалғанының айғағы болса керек.