Әлеумет Басты жаңалықтар

Алаш ардақтысының мерейтойы аталып өтті


Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен мегаполисте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «40 мысал, 40 мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті. Іс-шараға қатысушы көпшілік алдымен А.Байтұрсынұлының есімі берілген көше бойындағы ұлт қайраткерінің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту бүгінгі буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын! — деді қала әкімі ескерткіш басындағы жиында.

Еске алу мазмұнындағы мерейтойлық іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды. Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында қаладағы 5 кітапхана ұжымы «TILTIME» кітап көрмесін ұйымдастырса, қалалық жасөспірімдер және қуыршақ театры сахнасында А. Шаяхметтің «Ахмет» реквиемінің премьерасы көрермен назарына ұсынылды.

Айта кету керек, Алаш ардақтыларын ұлықтап, олардың есімін өскелең ұрпақ жадына сіңірту үшін Шымкентте атқарылып жатқан игі істер аз емес. Соның бірі — былтыр Орталық саябақта ашылған Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен. Бұдан бөлек бүгінгі Шымкентте А.Байтұрсынұлы атында мектеп бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *