Шымкент мегаполис қала атанғалы әсіресе, тұрғын үй құрылысы жаңдана түскен. Соның ішінде көп қабатты, биік зәуілм үйлер көптеп салынуда. Сарапшы мамандардың мәліметіне сүйенер болсақ, республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың біріне Шымкент кіріп отыр екен. Мәселен, 2020 жылы қаламызда 650 мың шаршы метрге жуық баспана салынса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1 млн шаршы метрге жеткен. Ал, тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын бірден бір мекеме ол Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы.
– Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң қалалық құрылыс басқармасы нысандарды мемлекеттік мекеме арқылы тіркеуге жібереді. Осылайша салынып біткен тұрғын үйлер тұрғын үй басқармасының теңгеріміне өткізіледі. Аталған үйлер арендалық бағыттағы болса, кезегі келген азаматтардың құжаттары тұрғын үй комиссиясының назарына ұсынылады. Ипотекалық бағыттағы пәтерлер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтар арасында жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша өткен конкурс нәтижесімен ұсынылады, — дейді қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Әрине, бұл орайда көпшілікті ең алдымен баспана кезегіне тұру мәселесі толғандыратыны рас. Басқарма басшысының айтуынша, Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін заң талаптары бойынша белгіленген санаттарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, отбасының тұрғылықты мекенжайы, соңғы 3 жыл көлемінде Шымкент қаласында болуы және өтінім берушінің, отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі міндетті.
Яғни, кезекке тұру үшін ҰОС қатысушысы немесе соғыс мүгедегі, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрынғы «Батыр ана» атағын дәлелдейтін құжаты болуы керек. Сонымен бірге, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, емлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер де баспана кезегіне тұра алады. Сонымен қатар, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтың тұрғын үй кезегіне тұру құқығы бар.
Жоғарыда айтылған санаттардың біріне сәйкес келген азамат kezеkte.kz электронды порталы арқылы барлық құжаттарын тіркеп, тұрғын үй кезегіне тұра алады. Шымкенттіктер өздерін толғандырған мәселесі бойынша қалалық тұрғын үй басқармасына барып, мән-жайды анықтауына мүмкіндігі бар. Бұл орайда басқарма басшысы аптаның әр сәрсенбісінде азаматтарды жеке қабылдайтынын да айта кеткен артық болмас.
Бүгінгі таңда ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 67, 74-баптарына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 49 473 азамат тіркелген.
– Олардың 17063-і халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санаты бойынша тіркелгендер. Көп балалы отбасылар – 10 156, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 351, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 876, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27. Жалпы биыл 1 605 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болатын, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 30, көп балалы отбасыларға – 52, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 91 отбасыға пәтер табысталды, — дейді Жанат Өтебаева.
Орайы келгенде айта кетейік, тұрғын үй қорын сақтау және пайдалану мақсатында 2021 жылы Шымкентте коммуналды тұрғын үй қорын сақтау бойынша көп қабатты 11 үйге және Желтоқсан көшесіндегі 2 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның арқасында «Нұрсәт» шағынауданындағы №№ 130, 134А, 134Б, 135А, 135Б, 135В, 212, 216, 14 және Желтоқсан көшесіндегі №№ 19, 19А үйлер бүгінде жөндеуден өтіп отыр.
Сонымен қатар, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен қайтарымды негізде қаржы бөлініп, көп пәтерлі 25 үйде күрделі жөндеу жоспарланған, жыл қорытындысымен 20 үйді жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 5 үйдің жұмысы биылға ауыстырылды, — дейді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда коммуналды меншіктегі көп қабатты үйлерге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 18 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал коммуналды бағыттағы 22 үйдің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде екен.
– Бұдан бөлек, 2022 жылы қала аумағында «Коммуналды дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы» аясында қайтарымды негізде көп қабатты 42 үйді күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынуда. Ал 16 үйдің лифттерін ауыстыруға мемлекеттік сараптама жүргізілуде, — дейді Жанат Өтебаева.