Әлеумет Басты жаңалықтар Біле жүріңіз Мәселе

Индустриалды аймақ – қала экономикасының драйвері

Қаратау ауданы аумағында бой көтерген «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы 133 гектар аумаққа орналасады. Мұнда жалпы 1500 жұмыс орны ашылып,  23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақшы.

Еске салсақ, Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін өндейтін тамақ өнеркәсібі индустиалды аймағын құру – Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. Қазір бұл аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Қала әкімі М.Әйтенов өткен аптада сол жұмыстардың қалай жүріп жатқанын көзбен көріп, танысып қайтты.

Негізінен 15 шақырымдық суаққының 12 шақырымы біткен. Маусым айында басталған ауыз су жүйесін тарту жұмысы қарқынды жүруде. 19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Сала мамандары индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту ісі 2023 жылдың соңына дейін толығымен аяқталады деп отыр.

Шымкенттегі «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтарында қазір артық жер жоқ. Екеуі де өндіріс орындарына жүз пайыз толған. Ал, индустриалды аймақ қала экономикасының әлеуетін көтеруге бірден бір негіз болатын жоба. Оның дәлелі «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақ пен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жемісті жұмысы. Оларда жалпы инвестициялық құны 100,2 млрд. теңгені құрайтын 102 жоба жүзеге асуда. Осыны жақсы түсінген мамандар Шымкенттен тағы 4 индустриалды аймақ ашуды жоспарлағалы бірнеше жыл болды. «Бозарық» соның бір парасы. Бұдан бөлек «Жұлдыз» индустриалды аймағы бар. Онда шамамен құны 200 млрд. теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Аймаққа инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Ал 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік «Тепличный рай» агро-индустриалды жылыжай кешені жаңадан ашылатын аймақтардың үшіншісі болғалы тұр. «Мұнда 30 млрд. теңгеге 2 мың жұмыс орны мен 20 жоба іске асатын болады» дейді мамандар.

«Стандарт» жеке индустриалды аймағы – жоспардағы төртінші индустриалды аймақ болады. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Заманауи қондырғылары бар ірі қоймалар, шағын өндірістік цехтар сияқты аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында индустиалды аймақтардың әлеуеті тағы да сөз болды. Штабқа ZOOM платформасы арқылы қосылған кәсіпкерлер жаңа инвестициялық жобаларын таныстырып, олардың қала экономикасын дамытуға әсері туралы ұсыныстарын айтты. Мысалы, «Агрополимер» ЖШС-ға, яғни полипропилен жібін шығаратын кәсіпорынға 1,94 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылмақ. Жоба нәтижесінде 41 адам жұмыспен қамтылады. Инвестор «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 2 га жер беруін сұрады. Жоба мақұлданды. Ал сутегі асқын тотығын өндіретін «HYDROGEN ENERGY» ЖШС – 4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ. Нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Жылына 8 мың тонна өнім өндіруді көздеп отырған олар «Оңтүстік» АЭА-дан 2,4 га жер телімін берсе деген ұсынысын ортаға салды. Бұл жобаны да комиссия мақұлдады.

Биыл құрылысын бастаймыз деген монтаж көбігін өндіретін жобаның иесі 250 млн. теңгелік инвестиция тартпақ. 20 адам жұмыспен қамтылады. «Оңтүстік» АЭА-дан 0,3 га жер теліміне сұраныс білдірген. «BERPER GROUP» компаниясының ұсынысы қабылданса жылына 30 мың банкі шығару мүмкіндігі тумақ. Сол сияқты минералды тыңайтқыштар мен агрохимикаттар өндіретін 450 млн теңгелік жоба да көңілге қонымды. «Ана Жер» ғылыми-өндірістік бірлестігі құрылыс жұмыстарын кезең кезеңімен 2022-2025 жылдарға жобалап отыр. Жылдық қуаттылығы – 300 мың литр. Оларға «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 1 га жер беріліп, инфрақұрылыммен қамту жөніндегі өтініші қала басшысымен мақұлданды.

Экономиканың қуатын арттыратын әрі импортқа тәуелділігін азайтуға септігін тигізетін бірегей жобаларда бюрократиялық кедергілерге жол бермеу өте маңызды. Осыны айтқан қала әкімі әрбір жобаның іске асырылу барысы жіті бақылауда болатынын ашып айтты.  Осындай жобалар көп.

— Индустриалды аймақта инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.

Индустриалды аймақтарда дайын өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайданың бір бөлігі шаһар бюджетіне салық ретінде құйылады. Бұл мегаполис экономикасының тұрақталуына, халықтың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне негіз болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *