Әлеумет Басты жаңалықтар Қоғам

Сапалы жарыққа қол жетті


Қала маңындағы шағынаудан тұрғындарының басты талабы жекеменшік иелігіндегі трансформаторлардан ажыратып, елді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етсе дегенге саяды. Қала әкімімен өтетін кездесулерде халық осыны алдымен ауызға алып жүргені де рас.

Елдің өтініші ескерусіз қалған емес. Соның нәтижесі болар жақында Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елдімекенін сапалы электр қуатымен қамту толығымен аяқталып отыр. Тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін енді абоненттеу жұмысы басталды.

Қала әкімі М.Әйтенов аталмыш ауылға арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары да барды. Саяжай елді мекенінде 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор жаңадан орнатылып, 145 шақырым электр желісі тартылған. Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары бұған дейін жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген. Олар 1кВ электр қуаты үшін 30-35 теңге төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 теңгеге түсіп отыр. Тұрғындар осыған қуанады.

Қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне өткізу арқылы тұрғындар мемлекеттік желіден электр тұтына алады. Осылайша алдағы күндері Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.

Бұдан бөлек, биыл қалада сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елдімекенде құрылыс жұмыстары жүруде. Осылайша, жыл соңына дейін 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады. Жалпы, сапалы электр энергиямен Шымкентте халықтың 98 пайызы қамтылған. Мамандар «2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады» деп отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *