Басты жаңалықтар Қоғам

Шымкентте Асқаровтың аты өшпейді


Мемлекет  және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Шымкенттің өсіп-өркендеуі жолындағы оның ерен еңбегін қала тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Есімін әспеттеп, ел жадында сақтау мәселесіне де көп мән берілген. Бұл орайда  қалада А.Асқаров атында мектеп, көше, демалыс аймағы барын тілге тиек еткеніміз артық болмас.

Тау тұлғаның туған күніне орай  өткен аптада Әл Фараби алаңында салтанатты шара өтті. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, бір топ зиялы қауым мен жергілікті халық алдымен Асанбай Асқаровтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қазан айында Шымкентте Асанбай Асқаровтың мұрасы мен оның тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өтеді. Мұны сол еске алу жиынында қала әкімі айтты.

–Асанбай Асқаров басшылық еткен жылдары Шымкент қаласы көркейе түсті. Шаһардың экономикасы мен өнеркәсібі дамып, жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынды. Қаламыздағы дендросаябақ, хайуанаттар бағы мен өзге де мәдениет және спорт нысандары бой көтерді. Бүгінде Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражайы бар. Осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі денросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың қаламынан туған «Асқаровтың ақ қайыңдары» драмасы 2017 жылдан бері Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында қойылуда,-деді М.Әйтенов.

Салтанатты шараға жиналған зиялы қауым өкілдері қайраткердің өнегелі өмірі, елге деген сүйіспеншілігі, қарапайымдылығы мен адалдығы бүгінгі жастарға үлгі болып, олардың жадында жаңғырып тұруы тиіс деген тілек білдірісті. Бұл ұрпақтар сабақтастығының жалғасы болмақ.

Биыл Үкіметтің ұйғарымымен Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы көрші Жамбыл облысында, өзінің туған жерінде республика көлемінде жары мен балаларының қатысуымен аталып өтті. Мерейтойға Шымкент қаласынан арнайы делегация қатысты. Оның құрамында кезінде А.Асқаровпен қызметтес болған еңбек ардагерлері де бар.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *