Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өткен аптада Шымкент қаласында болып, «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесті. Жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысы отбасының цифрлық картасын түзуді тапсырды. Яғни, Қазақстанның әрбір отбасы өзіне мемлекет тарапынан қандай кепілдендірілген көмек бар екенінен хабардар болып отырады. Яғни, белгіленген статусына қарай әлеуметтік көмекті алады және бұрынғыдай әр әлеуметтік органға жүгірмейді. Көпбалалы ана, зейнеткер болса, «Сіздің 1 жасқа толмаған балаңыз бар. Осыған орай балаңыз 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы ала аласыз» деген сынды хабарлама келеді, — деді министр.
Ерекше жандармен болған кездесуде министр азаматтардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Олар әсіресе, мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін әлеуметтік, медициналық заттар мен олардың сапасы, бейіні және қолдану ұзақтығына қатысты пікірлерін ортаға салды.
— Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әр мемлекеттік орган арасында әуреге салмау үшін бір терезе қағидаты бойынша құжатын рәсімдеу қолға алынбақ. Яғни, емханаға барғанда тиісті мәліметтерді алып, құжатын сол жерде рәсімдей алады. Үшіншіден, жастар мәселесі басты назарда тұр. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда 450 мың бала дүниеге келді. Бұл шамамен бір облыс тұрғынының санына пара-пар. 2003 жылдан бері туылған балалар қазіргі уақытта еңбекке қабілетті жасқа жетті. Бүгінде олар жұмыспен қамту, оқу мәселелерімен бетпе бет кездесіп отыр. Осыны шешу мақсатында Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында жыл сайын мемлекет тарапынан 100 мың жасты субсидияланған жұмыс орындарға тартуды тапсырды, — деді Тамара Босымбекқызы.
Министр ерекше жандардың жеке көмекшілері мен оларға төленетін әлеуметтік төлем жайында да айтып, түсіндірді.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке көмекшіге әлеуметтік көмекшінің орташа айлығы төленіп, одан міндетті зейнетақы жарнасы алынатын. Бұл қызмет олардың еңбек өтілі ретінде қабылданды. Арада біршама уақыт құжаттарға өзгерістер еніп, тек жәрдемақы төленіп келген. Енді осы жағдайды қайта қалпына келтіру қолға алынып отыр. Яғни, жеке көмекшінің қазіргі алып жүрген сомасына зейнетақы қорына аударылатын төлем қоса аударылады. Тиісінше, жеке көмекші зейнет жасына жеткен кезде еңбек өтіліне сәйкес зейнетақы ала алады, — деді министр.