Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының оқушылары үшін Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы саяхат ұйымдастырды. Олар қаланың көрікті мекендерінде болып, мәдени, тарихи нысандарымен танысты.
— Шымкент қаласының көрікті жерлеріне барған балалар қуанышты. Бүгінгі саяхат оқушылар үшін өте пайдалы болды деп ойлаймын. Еліміздің тарихымен танысып, білімін арттырды. Іс-шараны ұйымдастырған ұжымға алғысым шексіз, – деді есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Нұрлыбайқызы.
Жастар саяхат барысында Шымкенттің Ескі қалашығын (Цитадель), «ShymQala» этно ауылды, Тарихи-өлкетану мұражайын, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Бәйдібек би этносаябағын аралап, гидтердің бөліскен тарихи ақпараттарын тыңдады.
20-25 қазан күндері мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған іс-шаралар кешені аясында мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті меңгеру бойынша оқыту курсы ұйымдастырылды. Курсқа 100-ге жуық жас қатысты.