Әлеумет Басты жаңалықтар Шымкент

Жөргек, мал азығы, пластик…


Мұның барлығы Шымкентте шығатын болады

Жылына 345 миллион жөргек өндіретін жаңа зауыттың құрылысы келесі жылы басталады. Бұл «SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженовтың жобасы. Ол «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жобаны ұсынып отыр. Біріншісі осы – 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын. Ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандыратындай тауар шығаруды қолға алған кәсіпкерлердің жобасын қала әкімінің өзі сарапқа салды. Ал екінші жоба — 9,3 млрд. теңгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. «Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады», — дейді кәсіпкер.

Қала әкімі төрағалық ететін инвестициялық штаб отырысында көптеген жобалар талқыланды. Мысалы, Шымкентке мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын ірі кәсіпорын да артықтық етпейді. Өндіріс орындарының, өнім өңдеу зауыттарының көп болғаны жақсы. Басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар бас қосқан жиында жалпы 12 жаңа жобаның таныстырылымы өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артатынын атап өтті.

Жобасы талқыға түскендердің бірі – «Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар. Ол «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздеп отыр. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады екен. Сонымен бірге өз жобасын инвестициялық штабқа ұсынған «AnDa Company» ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыт салсам дейді. Жылына 500 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1 800 млн теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса 35 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Инвестор бұл үшін электр жарығымен, газбен, ауыз су, ағынды су, телефониямен қамтуды сұрайды.

Штаб отырысында аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жоба қаралды. Қала әкімі әрбір жобамен етене танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.

Жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдерді өндіретін өзбекстандық «Dentafill» және шұлық өндірісін дамытатын түркиялық «Ekol Ihracat» зауыттарының лентасы қиылатын болады.

Басқосу барысында 35 елден 310 компанияны көшіру мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін «GE Healthcare», тұрмыстық-техникалық жабьдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier», италияндық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияларды Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *