Әлеумет Қоғам Шымкент

Шаруашылығы шарықтаған шаһар

Үшінші мегаполистің ауыл шаруашылығы саласы жыл санап қарқынды дамып келеді. Биыл 30 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемі 700 гектарға артты.

Қала аумағында өнеркәсіптік үлгідегі 10 гектар жылыжай кешені жаңадан іске қосылған. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаевтың айтуынша, күзгі дала мен жиын-терім жұмыстарына бір мың тонна дизель отыны бөлінген. Тыңайтқыш құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлініп, оның 91,04 млн теңгесіне 752,4 тонна тыңайтқыш субсидияланған. Қазір күзгі жиын-терімге қалада 725 трактор және 35 комбайн жұмыс істеуде. 30 мың гектар егістік алқабынан бүгінгі таңда 94 мың 320 тонна өнім жиналған. Оның ішінде 20,1 мың тоннасы дәнді дақыл, 3,2 мың тоннасы майлы дақыл, 4,4 мың тоннасы картоп, 48,3 мың тоннасы көкөніс және бақша, 18,3 мың тоннасы мал азығы.

Шаруашылығы шарықтай бастаған Шымкентте бал арасын өсіріп, тәтті бал өндіретін 13 шаруашылық біріге келе «BEE-PROM» кооперативін құрған. Қазір кооператив құрамында 8 мыңға жуық омарташы бар. Ішіндегі ең ірісі — «Нормухамедов» жеке кәсіпкерлік нысаны. 13 адамды жұмыспен қамтып, асыл тұқымды «Карника» арасын селекциялық асылдандыру арқылы өнім өндіріп отырған бұл шаруашылыққа арнайы барған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов омарташылардың тыныс-тіршілігімен танысты. Елімізде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес бал арасын да селекциялық асылдандыру жұмыстары қолға алынған. 2018 жылдан бері бұл салаға 45,8 млн. тг субсидияланыпты. Ал биыл омарташыларға 12,5 млн. тг субсидия беріледі деп жоспарлануда. Субсидия алған шаруашылық кәсібін кеңейтіп, қосымша ара балын құю, қаптау қондырғыларын сатып алған. Жинаған әселін Ресей, Араб елдеріне экспорттауда. Алдағы кезде бал өндірудің кластерін қалыптастыруды ұсынған қала әкімі кооператив мүшелерін ара пакетімен қамтамасыз етіп, өндірілген өнімді бір орталық арқылы өткізу жұмыстарын ұйымдастыру жобасының тиімділігін атап өтті.

Шымкентте өндірісін өркендетіп келе жатқан шаруашылықтың тағы бірі — «BIO Food kz» ЖШС. Еңбекші ауданына қарасты Базарқақпа елді мекенінде орналасқан бұл кәсіпкерлік нысаны күніне 25 тоннадан астам сүтті қайта өңдейді. Қаймақ, сары май шығарады. Қатты ірімшіктің 4 түрін шығарып отыр. Ашылғанына көп бола қоймаған кәсіпорын соңғы үлгідегі жабдықтар алып, 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Шаруашылық иесі қайта өңдеу саласында тағы бірнеше жобаны жүзеге асырсақ деп отыр.

– Біз ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге қарағанда қайта өңдеп, тұтынуға лайықты, дайын өнім алатын өндіріс кластерлеріне бет бұруымыз керек. Өзімізді толықтай қамтуға қауқарлы, әрі өнім сапасы жоғары талапқа сай жасалса, халықтан сұраныс бұдан да көп болары анық, — деді қала әкімі цехтың жұмысымен танысу барысында.

Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Аянат» шаруа қожалығының да беталысы жаман емес. Биыл өндіріс аумағын кеңейіп, модернизациядан  өткен шаруашылық жылыжай ісін дамытып отыр. Жылына 500-600 тонна қызанақ жинап отырған шаруашылықтың жалпы жылыжай аумағы 4 гектарды құрайды. 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қала әкімі бұл шаруашылықтың да жұмысымен танысып, ерте көктем және қыс айларында көкөніс өнімдеріне деген қажеттіліктің орнын толтыру және қияр, қызанақ өнімдерінің осы маусымаралық кезеңдерде бағасының шарықтап кетпеуінің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар жайлы түсіндірді.

Қожалық иесі нысан аумағын ұлғайтуды көздеп отыр. Сол арқылы өнім көлемін арттырып, қызанақтарды көрші елдерге экспорттамақ. Бастамаға қолдау танытқан Мұрат Дүйсенбекұлы ауылшаруашылық өнімдерінің артуы — экономикаға да оң серпін беретінін айтып, тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған жолдауында ауыл шаруашылығындағы ахуал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндігіне айрықша тоқталған. «Экономиканың қозғаушы күші ретінде де саланы дамыту арқылы қала тұрғындарының азық-түліктік қорын жасақтауға мол мүмкіндігіміз бар», — дейді сала мамандары.

Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, отандық үздік тәжірибелерді пайдалану мақсатында биыл қала бюджетінен «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу» бағдарламасы аясында озық 7 инновациялық жобаға қаржы қаралып, жобалар іске асуда.

Нәтижесінде көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемі мен түсімділігі артып, жалдамалы жұмысшылар саны мен уақыты үнемделіп, шығын көлемі азаятын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *