Әлеумет Қоғам Шымкент

Қандастар 6 ай тегін тұра алады

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында» орналасқан 8 отбасыда жалпы алғанда 27 адам бар. Оның 15-сі — бала, қалғаны ересек. Қызмет алушылар үшін асхана, демалатын және арнайы оқу бөлмесі қарастырылған. Айта кету керек, бұл орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.

Шетелден тарихи Отанына оралған қандастарымыз осы орталықта 6 ай тегін тұрып, барлық қызметті ақысыз ала алады. Оларға кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ, орыс тілдері, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік сабақтар беріледі. Сондай-ақ, жеке меншік оқу орталықтарымен жасалған әріптестік байланыс аясында 5-17 жас аралығындағы балалар «Шешендік өнер», «Зергерлік өнер», «Шахмат», «Домбыра», «Биссермен өру» үйірмелеріне тегін қатыса алады. Орталық мамандарының шақыртуымен «Отбасы банк» кеңесшілері келіп, тұрғын үй алудың мүмкіндіктері туралы ақпараттар ұсынып отырады. Соның нәтижесінде қазір 5 қандас өз депозиттерін ашқан.

Орталықта мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ата жұртына оралған қандастарымыз мәдениет ошақтарына және тарихи қасиетті орындарға жиі барып тұруына мүмкіндіктер қарастырылған. Орталық жұмыс істеген 12 жылдың ішінде мұнда 789 отбасы, 2216 қандас келіп, бейімдеу қызметтерін пайдаланған. 1060 қандас кіші кәсіптік мамандыққа оқытылып, меңгеріп шыққан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *