* Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты саябақтардың ирригациялық жүйелерін тазалау жұмыстары жалғасуда. «Наурыз», «Жайлаукөл», «Абай» саябақтары мен «Шәмші аллеясы», «Нұрсат» гүлзары мен «Ордабасы» алаңы тазаланып, ағаш көшеттері отырғызылды. 37 субұрқаққа консервациялау жұмыстары жүргізілді.
* «Асар-2» елді мекенін инфрақұрылыммен қамту жұмыстары былтыр аяқталған. 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешілгенімен, мыңға жуық үй жобадан тыс қалып, сапалы ауыз су, электр қуаты мен табиғи газға қосылмай қалған. Бұл мәселе қала әкімінің бақылауында болып, биыл шағынауданға 53 шақырым су құбыры жүргізілді.
* «Оқушылар сарайының» шәкірттерінен құралған «Айгөлек» би ансамблі Астана төрінде өткен «ITALIAN GRAND FESTIVAL» және «Гүлденген қызғалдақтар» ІІ Халықаралық өнер байқауында бас жүлдеге ие болды.
* Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында Шымкентте 420 шақырымға жуық жолға таңбалар сызылды.
* Қала аумағындағы «Көк», «Сай ниже водопада» және «Чумчак» су арналарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты 34 су арнасы және 2 өзен бар. Соның ішінде биыл жөндеу жұмыстары басталған «Шымкент» және «Шапырашты» су арналарының күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылы бітеді.
* 4-5 қараша күндері Қарағанды қаласында өткен оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту, техникалық пәндерді дәріптеу мақсатындағы «RoboLand-2022» VII Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық фестивалінде Шымкенттегі №80 ІТ мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Қ. Есенбековтың жетекшілігімен 8-сынып оқушысы Н.Есбол және 9-сынып оқушысы М.Жақсылық «Шығармашылық бағыт» бойынша І орынды еншілеп қайтты.
* Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Медициналық ақпараттандыру орталығын» (call center) ашты. Енді қала тұрғындары денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарын, сұрақтарын, арыз-шағымдарын 8(7252)-41-75-03 телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы жеткізе алады.
* «Достық» шағынауданында «Жан-Нұр» атты 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды. Ашылу салтанатына Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов пен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысты.