Әлеумет Мәселе Шымкент

Ауласын таза ұстайтындар марапатталды

«Таза қала» акциясы Шымкентте Азаматтық Альянстың ұйымдастыруымен оныншы рет өтіп отыр. Байқау қазан айында аяқталып, жеңімпаздарды анықтау жүргізілген болатын. Кешегі аптада қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы өкілдерінің ұйымдастыруымен байқау жеңімпаздарын салтанатты жағдайда марапаттау рәсімі өтті.

— Жыл өткен сайын акцияға қызығушылық танытып, белсенді атсалысатын тұрғындар қатары көбейіп келеді. Сол себепті биыл әр аталым бойынша қаладағы барлық ауданның өз жеңімпазын анықтауды жөн көрдік. Сондай-ақ, бұған дейін жеңімпаздарға бағалы сыйлық берген болсақ, биыл қатысушылардың өтінішіне орай жүлдені қаржылай табыстап отырмыз. Акцияның жүлде қоры 4 миллион 300 мың теңгені құрайды. Әр ауданға 1 миллионнан бөліп, қалған қаражатты ұйымдастыру жұмыстарына бағыттадық, — дейді Шымкент қаласы Азаматтық Альянсының төрағасы Жұмағали Білісбеков.

«Таза қала» акциясына қатысушылардың арасынан жеңімпаздарды анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, қаладағы 4 ауданнан «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік үй», «Үлгілі коммуналдық қызметкер», «Үздік шағынаудан» аталымдарына сай жеңімпаздарды анықтаған.

— Шымкент қаласының көркейіп, абаттануына үлес қосқан азаматтар қаламызда аз емес. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан акцияның биыл ауқымы кеңейіп, үздіктер саны артып отырғаны да сондықтан. Бұған дейін 4-5 аталыммен ғана үздіктер анықталып келген. Биыл әр ауданның өз үздіктері 5 номинация бойынша анықталып отыр. Бұл қаланың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік берді. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген өздеріңіздей азаматтарға алғысымыз шексіз, — дейді  Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов.

Осылайша салтанатты шарада 5 аталым бойынша әр ауданнан 15 үздіктен, жалпы 60 азамат марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *