Біле жүріңіз Қоғам Шымкент

Министр Шымкентте 7 кездесу өткізді


Өткен аптада Шымкентке жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі халықпен кездесуін алдымен БАҚ өкілдерімен әңгімелесуден бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарының саны жағынан Шымкент қаласы елімізде көш бастап тұрғаны белгілі. Мұны министр де айрықша атап өтті. Еліміздегі массмедианың дамуында ерекше рөл атқаратын өңірдегі журналистердің үні, ұсыныс-тілегі ескерілмей қалуы мүмкін емес. Содан да болар «Ontustik» телеарнасында өткен алқалы жиында әрине журналистердің мәртебесі негізгі мәселе өзегіне айналды. Бұл орайда Дархан Қуандықұлы қазір министрлікте бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті.

– Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар нақты көрсетіледі. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар келіп түсуде. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады, — деді Дархан Қыдырәлі.

Қоғамды жаңа белеске бастап, дамытуда азаматтық позиция, азаматтық  альянс өкілдерінің алар орны ерекше. Министр Шымкенттегі сапары барысында Азаматтық ресурстық орталықта болып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысты. Шымкентте Азаматтық Альянс құрамына 57 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бүгінде бәрі бір орталықта – Азаматтық ресурстық орталықтың мамандарымен бірге қоян-қолтық жұмыс істеуде.  Орайы келгенде министр Альянс мүшелерін әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеуге баса назар аударуға шақырды. Ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін осындай орталықтардың қызметі аса қажет. Десе де Азаматтық Альянс өкілдері жуырда қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосу туралы жоспарлары барын алға тарта отырып, сол жиында министр айтқан ұсыныстарға мән берілетінін жеткізді.

Дархан Қыдырәлі Шымкенттегі сапары барысында қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен де кездесуге уақыт тапты. Жалпы еліміздің үшінші мегаполисіне жасаған сапары барысында министр бір күнде жеті мекемеде түрлі деңгейдегі кездесулер өткізді. Қалалық ҚХА жанында 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың 19 шығармашылық ұйымы тағы бар. Бәрі де қала өмірінде белсенді, мәдени іс-шараларға атсалысып тұрады. Министр қоғамдық құрылым жетекшілерімен кездесу барысында этносаралық қатынастарға қатысты бірлесе атқаратын жұмыстар көп екенін, мәселені бірлесе отырып шешуге көп мән берілуі керектігін атап өтті.

Қаланың қарапайым тұрғындарымен де кездескен министр бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олар министрге қоғамдық мәселелерді шешу жолында өз ұсыныстарын да айтты. Белсенді азаматтар ұсынған, айтқан талап-тілектердің бәрін де жазып алған Дархан Қыдырәлі мәселені шешу заң аясында жүзеге асатынын жеткізді. Ал Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысу барысында министр Шымкентте талантты жастардың аз еместігіне көз жеткізгендей болды. Мегаполис халқының 20,7 пайызын құрайтын жастардың да өзіндік проблемасы бар. Оларға ақпараттық қолдау, бағыт-бағдар беруде Жастар ресурстық орталығының рөлі үлкен. Орталық жанында 10-нан астам волонтер ұйымы құрылған. Бұдан бөлек қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 4 мыңнан астам белсенді ерікті орталықпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Министрдің Мемлекет басшысының 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауында үлкен мән болды. Ерікті болу, қиналғанға қол ұшын созып, көмектесу халқымызда ежелден қалыптасқан үрдіс. Осының басын біріктіріп, ұйымдастырып отырған жастар ресурстық орталығының жұмысы өзге өңірлерге үлгі етуге тұрарлықтай. Қалаға жаңадан қосылған, шаһар орталығынан алыс орналасқан елді мекендердегі жастарды осы орталыққа жұмылдыруда да нақты істер көп. Қазір Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылған.

– Шымкент қаласының әкімдігі жастарға игі жағдай жасаған екен. Соны көзбен көріп, қуанып отырмын. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, елдің дамуына арналған тың жобаларыңызды батыл ұсынып, бар ынтамен еңбек етуге, ізденуге шақырамын. Әділетті Қазақстанды құруда сіздердің белсенділіктеріңіз өте маңызды, — деді министр.

Министрдің Шымкентке жасаған сапары барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бірге жүрді. Түрлі деңгейлердегі кездесулерді ұйымдастыруға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов мұрындық болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *