Әлеумет Қоғам Құқық

Азаматтық хал актілерін тіркеу саласында оң өзгерістер көп


Өзгерістердің басты мақсаты — азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Атап айтсақ, бала асырап алуды және әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ сот шешімі негізінде неке бұзу секілді акт жазба түрлерін тіркеу алынып тасталды.
Мысалы, қазіргі кезде ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды.
Сонымен қатар, бала перзентханада туылса, анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, нәрестеге міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңымен неке қию (ерлі-зайыпты болу) мерзімін бір айдан некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күнен бастап күнтізбелік он бес күнге дейін қысқартылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 12 қазанынан бастап қайтыс болуды тіркеуге қатысты қызметтерді көрсетудің оңтайландырылған үрдісі пилоттық режимде іске қосылып, жүргізілуде.
Қайтыс болуды тіркеуге қатысты қызметтерді көрсетудің оңтайландырылған үрдісін пилоттық режимде жүзеге асыру кезінде уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы туралы бірлескен бұйрығы бекітілді.
Осы аталған бұйрықтың 3 тармағының 6 тармақшасында пилоттық жобаның жүргізілу кезеңіне қайтыс болған адамды жерлеу, жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны төлеу, қайтыс болған адамның зейнетақы жарналарын алу, мұраны ресімдеу және басқа да қызмет түрлерін көрсету кезінде, азаматтардың өлімі туралы, перинаталдық өлімі туралы медициналық куәліктерді, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді міндетті түрде ұсыну талабы алынып тасталды. Бұл ретте, қайтыс болған адамдар туралы мәліметтер ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы не қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы электрондық хабарламаларды «электрондық үкімет» порталында тексеру арқылы алынуы қажет.
Яғни, пилоттық режимде мемлекеттік тіркелгенде қайтыс болу туралы куәлігі берілмейді.
АХАТ саласындағы өзгерістер халықтың уақыт және қаражат шығындарын едәуір қысқартып, мемлекеттік қызметтерді барынша сандық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.

Г.Орымбетова,

Шымкент қаласы Әділет департаменті Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *