Әлеумет Біле жүріңіз Қоғам

«Түркістан жиһазы» – брендке лайық


Түркістан қаласында жиһаз жасаушы цехтар көбейіп келеді. Сапасы бірінен бірі артады. Жақында қалалық мәслихат депуттары кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірқатар кәсіпорындарды аралады. Сол кезде көз жеткізген дүниенің бірі — алдағы кезде «Түркістан жиһазы» атауымен жиһаз брендін қалыптастыруға әбден-ақ болады екен. Мысалы, кәсібін 2013 жылдан бері дөңгелетіп келе жатқан Ұйғын Әбішевтің «ASIA BREND» ЖК кәсіпорнында бүгінде 250 жұмысшы бар. Тұрақты табыс көзі болған соң олар да аянбай еңбек етуде. Ас үй жиһазынан бастап, жатын, қонақ бөлмелерге жиһаздардың сан түрін жасап шығаратын бұл кәсіпорынның өніміне сұраныс жоғары.

Жалпы, қазір Түркістан қаласында жиһаз жасайтын 30-ға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 15-сі ірі фабрика. Қалғаны шағын цех деңгейінде. Осыншама еңбек нарығында 2 мыңнан астам адам нәпақасын туып жүр. 200-ге жуық жиһаз түрі шығатын кәсіпорындардың өніміне тапсырыс беретіндер күн санап артуда. Жиһаздардың сапасына көңілдері толған тұтынушылардың айтуынша, Түркістанның жиһазы Түрік пен Италияның жиһазынан бірде кем емес.

Былтыр Түркістан қаласындағы жиһаз шығаратын кәсіпорындардың бәрін қоса есептегенде 4,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген екен. Биыл 9 айда 3,5 млрд теңгенің жиһазы жасалған. Кәсіпкерлердің өз өнімін өткізуі үшін халықаралық көрмелер ұйымдастырылып, форумдарға қатыстырылып, отандық өнімді жарнама жасаудың барлық қадамдары жүзеге асуда. Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаевтың айтуынша, жиһаз шығарушы кәсіпорындарға 4-6 пайыздық жеңілдікпен мемлекет тарапынан несие беріледі екен.

– Қала билігі шаһардағы барлық жиһаз кәсіпорындарын бір жерге шоғырландыру үшін алдағы уақытта оларға индустиалды аймақтан жер бермекші. Сөйтіп, үлкен кластер құруды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Түркістанға жиһаз жасауға қажетті шикізатты негізінен «Мусаев М.», «Мансуров А.», «Сұлтанбай» сынды жеке кәсіпкерлер тасымалдайды екен. Сонымен бірге ресейлік «Кроношпан Башқұртстан», «Shanghai Unisis International Development Co Ltd» сынды Қытайдан да шикізат әкелетін корпорациялар бар.

Түркістандық жиһаз фабрикаларының басым көпшлігі өнімдері үшін сапа менеджменті сертификатын иеленгендер. Фабрикаларда білікті дизайнерлер жұмыс істейді. Тұтынушыға тек сапалы өнім ұсыну жолындағы қыруар еңбектің жемісі болар, керемет коллекцияларды кездестіруге болады.  

Әсіресе, «ASIA BREND» тауар белгісімен шығатын өнімдерді өзге облыстар мен шекаралас мемлекеттердегі дүкендерден кездестіру қиын емес.

Жиһаздың барлық түрін жасап отырған фабрика Түркістанда қанатын кеңге жая бастаған. Өңір экономикасын дамытуға мұндай кәсіпорындардың қосар үлесі аз емес. Сонымен қатар, әлеуметтік басты мәселе — жұмыссыздықты азайтуға да тигізіп отырған септігі орасан. Түркістанды түлетуге керегі де осы емес пе?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *