Облыс орталығы ретінде даму көкжиегіне қол артқан Түркістан қаласында халық саны артып келеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандардың да көбеюіне негіз болатыны сөзсіз. Тұрғындарға ең алдымен қажеттісі емхана, мектеп, балабақша. Халық санының өсуі, мектеп жасындағы балалар қатарының көбеюіне байланысты алдағы күндерге межеленген жоспарлар да жоқ емес. Соның бірі — алдағы екі жылда 9 мектеп салу қажеттігі. Қазір Түркістан қаласындағы жалпы – 33 мемлекеттік, 26 жекеменшік мектепте 50 841 оқушы білім алуда. 2022 жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өткен (Төле би №19 және М.Пошанов №21) және Бірлік тұрғын алабында 1 жекеменшік мектеп салынуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын жүзеге асыру бағытында 2023-2025 жыл аралығында Түркістан қаласында келер жылы 6 мемлекеттік, атап айтқанда, әкімшілік іскерлік орталығында 3200 орынды 2 мектеп, «Яссы» мөлтекауданында 2100 орынды 2 мектеп, «Шауғар» мөлтекауданында 600 орынды 1 мектеп, «Бекзат» мөлтекауданында 1200 орынды 1 мектеп салу жоспарлануда. Ал, 2024 жылы 3 мемлекеттік білім ұясы («Яссы» м/а– 1200 орынды 1 мектеп, «Шауғар» м/а– 600 орынды 1 мектеп, ӘІО– 2000 орынды 1 мектеп) салынуы тиіс.