Әлеумет Басты жаңалықтар

«Жайлы орта қалыптасуда, оны сақтау да маңызды»

Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі:

Жуырда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Бекзат» секторының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуде Нұрбол Әбдісаттарұлы қордаланып қалған мәселелердің біртіндеп шешіліп жатқанына тоқталды. Әкімнің наурыз, маусым айларында тұрғындармен өткен кездесуі барысында 85 мәселе көтерілген болатын. Олардың 64-і толық орындалса, қалғандарына қатысты тиісті жұмыстар басталып, қазіргі таңда орындалу сатысында.

Кездесу барысында әдеттегідей жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер жиі қозғалған болатын. Тұрғындар сұранысына орай қазіргі таңда «Бекзат» тұрғын үй алабына қарасты үш шақырымды құрайтын төрт көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын Самал көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, 53,2 шақырымды құрайтын 49 көшенің жарықтандыру жүйесінің құрылысы аяқталды. Жалпы, Түркістан қаласы бойынша 2022 жылға 150 аялдама орнату және 64 шақырым құрайтын 54 көшеге аяқжол салу жоспарланған. Қазіргі уақытта «Бекзат» секторына қарасты бес орынға аялдама орнатылды. Сондай-ақ, 6,6 шақырымды құрайтын үш көшеге аяқ жол салу жұмыстары жоспарланып, 2,2 шақырымдық бір көшеде құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған екі көшедегі аяқ жол салу жұмыстары сарқынды су желісінің қазба жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.

Осы жылы жолаушы тасымалдаушы мекемелер тарапынан 74 жаңа автобус алынып, №6,10 бағыттарды қайта жаңартып, қосымша №16,17,20 бағыттарды іске қосу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта жоспарланған автобустардың 28-і алынып, №6,10 бағыттағы автобустар жаңартылып, №17,20 жаңа бағыттар іске қосылды. Жыл соңына дейін жаңа №16 бағыт та іске қосылатын болады.

Қала әкімі биылғы «Балалар жылы» аясында шағын аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Нақты айтсақ, абаттандыру жұмыстары аясында «Бекзат» мөлтек ауданында балалар ойын алаңы мен спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында төрт дана трансформатор орнатылды. Қазіргі таңда Бекзат секторындағы Жамбыл атындағы мектептің жоғарғы тұсындағы 514 үйді қамтитын электр желілерін жаңарту жобасы әзірленуде. Оның құрылысын жүргізу 2022-2023 жылдарға жоспарлануда. «Бекзат» мөлтек ауданында жалпы жоба бойынша 100 шақырым кәріз желісімен қамтамасыз ету жұмыстары бастау алып, бүгінде оның 35 пайызы аяқталған.

         «Бекзат» тұрғын алабындағы ауыз су тартылмаған көшелерге жоба жасалып, қаржы қарастырылып, конкурс өткізілуде. Бұйыртса, қазан айында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Жобадан тыс қалған жеке тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс жобасы әзірленіп, қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орындалуы 75 пайызды құрап отыр.

«Бекзат» мөлтек ауданы тұрғындары әкіммен кездесулерінде мектептерде орын жетіспеушілігін жиі алға тартады. Қазіргі кезде секторда үш мектеп бар. 780 орынды Абай атындағы мектепте 1900 оқушы білім нәрімен сусындауда. Ж.Еділбаев атындағы білім ұясы 1266 орынды болса, онда 2237 оқушы білім алуда. Қалаға қоныстанушылар қатары артуына байланысты алдағы оқу жылында бұл екі мектеп үш ауысымға өту қаупінде тұр. Ал, Ж.Жабаев атындағы 300 орынды мектепте білім алып жатқан 732 оқушы үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Осыған байланысты «Бекзат» мөлтек  ауданында мектеп құрылысын салуға 2,2 гектар жер бөлініп, бұл елді мекенге 1200 орынды мектеп құрылысын салу 2025 жылға жоспарланып отыр.

         Қалалықтар қазіргі таңда өздерін облыс орталығының тұрғындары ретінде өзгелерге үлгі болу мақсатында жергілікті ақсақалдар бас болып, жастар қолдап, абаттандырылған инфрақұрылымдық нысандарға жауапкершілікпен қарап, таза ұстауға тырысып жатқаны қуантады. Дегенмен, көпшілік болған соң ортақ меншікке жаныашымастық танытып, бүтін дүниені бүлдіретіндер де кездеседі. Осындай олқылықтарды алға тартқан қала басшысы тұрғындарды жаңадан салынған нысандарды пайдалануда жанашырлық танытып, ескертуді елемейтіндер болса тәртіп сақшыларының көмегіне жүгіну қажеттіктерін алға тартты. Тәртіп сақталмаса қыруар еңбектің еш болатыны айтпаса да түсінікті. Қажет болса полиция инспекторлары тарапынан арнайы рейдтерді жиілетуге болады. Сондай-ақ, шаһар басшысы кез-келген шешімін күткен мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

Ш.Ғайбулла.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *