Дәл осы күндері, күрең күзде Түркістанда көздің жауын алар небір гүл гүлдеп, қаланың сәнін келтіріп тұр. Жалпы, соңғы уақытта Түркістан қаласында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Жақында ғана көгалдандыру бойынша 120 мыңнан асатын түрлі интродукцияланған, климатқа төзімді ағаш көшеттері отырғызыла бастады. Ағаш егу, гүл көшеттерін отырғызу әлі де жалғасуда. Оның мыңнан астамы жеміс ағашы болады.

Бүгінгі Түркістанда көгал аумағы 2,5 млн. шаршы метрге жеткен. 70 мың шаршы метрге түрлі гүлдер егілді. Ал ағаш 700 мың түпке жеткен. Күздік маусымда «Отырар» шағынауданына 29 мың, әкімшілік-іскерлік орталық аумағында және жаңа қалада 32 мың, әуежай жолы бойына 13 мыңнан астам көшет егілді. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылы, «Денсаулық» саябағы, Шекті Тілеу, Баялиев, «Фараб» кітапханасының маңайы мен Кентау тас жолы, Майкотов және айналма жол бойын көгалдандыру қолға алынады.
Қалада егілген ағаштардың басым бөлігін қысқа қарағаш, айлант, ірі жапырақты қарағаш, үйеңкі, ясень, тұт ағашы, форзиция, аморфа, богрянник, қарағай, айва, сириялық раушан, сирень, боз арша, акация, софора, форзиция, алма, терек және өзге де ағаштар құрайды.
–Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы көшелер бойындағы ағаштарды санитарлық және пішінге келтіру жұмыстары атқарылуда. Бұл қырқу жұмыстарының басты мақсаты ағаштардың эстетикалық көрінісін жақсартып, қураған, ауырған бұтақтардан тазартып, жаяу жүргіншілер қозғалысын жақсарту, жол белгілерінің көрінуіне және қатты жел кезінде ағаш діңінің зақымдалу қауіпін азайту арқылы көшелерді жарықтандыру желілері өтетін аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қырқу жұмыстарының нәтижиесінде ағаштардың барлық бөліктеріне күн сәулесі мен қоректік заттар біркелкі түсіп, аурулар мен зиянкестермен оңай күреседі, қыстайды және жазда, қою жапырақты тәжге ие болып, биіктеп өседі, — дейді қалалық «Жасыл Түркістан» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорі Көркемжан Эшметов.