Бүгінгі Түркістан даму көкжиегіне қол артқан шаһар. Көне тарихты жаңғырта отырып, жаңа келбетке құлашын сермеген, қайта түлеп, жаңғырып жатқан қала. Шежіреге бай, жаңа келбеті де келісті қалаға алыс-жақыннан ағылып келіп жатқан қонақтар аз емес. Әсіресе, қазіргі күндері Түркістанға қыдырып келгендердің бірден байқайтыны — қала көшелерінің гүлге көмкеріліп, күтімі келіскен гүлзарлар мен тал-теректің көптігі. Қыс басталғалы жатқанда Түркістанда ағаш көшеттері отырғызылуда. Мұның сырын білмек болып, қалалық «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Көркемжан Эшметовпен сұхбаттасқан едік.

– Көркемжан Тұрсынбайұлы, сіз басқарып отырған мекеменің негізгі атқаратын міндеті қандай? Алдымен оқырманға соны айта кетсек…
– Түркістан қаласы аумағындағы жалпы қолданыстағы саябақтар, скверлер, бульварлар, көшелер мен жасыл аймақтарды тазалау, жинау, жасыл желектерді (ағаш, бұталар, көгал, гүлдер) күту және егу ісімен айналысамыз.
Өздеріңіз білесіздер, облыс орталығы болғалы Түркістанға арнайы келетін қонақтар аз емес. Бәрі де көне қаланың бүгінгі келбеті қандай болғанын көргісі келеді. Жаңа ғимараттар, зәулім үйлер әрине көптеп салынып жатыр. Десек те, туристер үшін таза, жасыл желекке оранған қалада, саялы бақтарда қыдырып жүру де маңызды. Осы орайда қала әкімі Н.Тұрашбековтың тапсырмасына сай біз жасыл-желекті, гүлдерді егіп, өсіріп қана қоймай, сәндеп, ою-өрнектеп, шағын сәулеттік формалар мен ескерткіштер түрінде де баптауға көңіл бөлудеміз. Тал-терек, гүл өсіруден басқа қаладағы субұрқақтарды, суғару жүйелерін күтіп-ұстау және салу да біздің мекеменің міндетіне жатады.
– Күз келгелі Түркістан ерекше құлпырып кеткендей. Күрең күзде көше бойындағы қызыл-сары гүлдер көздің жауын алады. Арасында гүл отырғызып, ағаш егіп жүрген сіз басқаратын мекеменің жұмысшыларын да көріп қаламыз. Сонда сіздер бұл жұмыстарды қыста да жүргізесіздер ме?

– Әрине. Қаламыздың көркіне көрік қосу үшін жыл он екі ай жұмыстамыз. Көгалды күту жұмыстары тек көктем мен жазда деген болмайды. Қаңтар айынан бастап желтоқсанның соңына дейін саябақтар мен көше көгалдарын күтіп баптау жұмыстары жалғаса береді.
Біздің мекемеге жалпы аумағы 524 гектарды құрайтын 248 нысан қарайды. Бұл аумақтарда біз күтіп ұстайтын 695 247 дана ағаш бар. Оған 2 560 000 шаршы метрді құрайтын көгалды қосыңыз. Ұдайы күтімді қажет ететін, сәндеп қырқып тұратын 350 856 дана бұтамыз бар. Сіз айтып отырған сұлу гүлдеріміздің жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. 83 субұрқақты да күтіп ұстауға тиістіміз. Осыншама тірлікке 211 ірілі-ұсақты техникамыз жегілген.
Гүлдер аумағы: 70 000 ш.м. |
Орындықтар: 3 511дана |
МАФ: 27 351дана |
Ұңғыма: 185 дана |
– Білуімше Түркістан қаласының аумағы шамамен 20 мың гектарға жуық. Сонда оның қанша пайызы көгалдандырылған?
– Нақты айтар болсақ, қала аумағы қазіргі таңда 19 627 гектарды құрайды. Ал жалпы көгалдандырылған аймақ көлемі 524 га. Қала халқының саны 200 мыңға жуық. Халық санына жасыл желектердің көлемін шаққанда әр адамға 26,2 шаршы метрден келеді екен. Нормалық көрсеткіштер бойынша жасыл желектердің көлемі қаланың әр тұрғынына орташа 10-7 ш.м болып табылады. Түркістан қаласында бұр көрсеткіш 2 есеге жоғары орындалып тұр. Бұл әрине қуанарлық жаңдай. Дегенмен, 2035 жылға дейін қала көлемін 22 350 гектарға ұлғайту көзделіп, сәйкесінше қала тұрғындарының саны 350 мыңға жетеді деген болжам бар. Яғни, соған сәйкес көгалдандырылған аймақ көлемі де көбейіп отырады. Осы мақсатта жыл сайын Түркістан қаласында ағаш егу, көгалдандыру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізуді қолға алып отырмыз.
– Түркістанның климаты қатаң екені белгілі. Жазы аптап ыстық, қыс-күз мезгілінде жауын-шашын аз болатыны да бар. Ұдайы соғып тұратын желдің екпіні де оңай емес. Олай болса осындай климатта егілген көшеттер көп ұзамай өліп қалмай ма?
– Сол себептен де біз жыл он екі ай жұмысты тоқтатпай, әрбір отырғызылған жасыл желекті күтіп-баптауға мән беріп отырмыз. Осындай климатқа бейімделіп, жерсініп кетуі үшінгі еңбек оңай шаруа емес. Қазіргі таңда Түркістан қаласына интродукциаланған, төзімділігі жоғары ағаш көшеттері егілуде. Бұл ағаштар Түркістан облысы аумағындағы тұқымбақтардан алынып, отырғызылуда. Мысалы, былтыр 200 мың дана түрлі ағаш көшеті егілсе, биыл ақпан-наурыз айларында 14 545 дана ағаш ектік. Олар негізінен Ш.Тілеу, Байбұрт, Қожанов, Майкотов көшелеріне отырғызылды.

Жалпы алғанда, 95 102 шаршы метр аумақ көгалдандырылды, 140 784 дана сәндік гүл, 16 244 бұта егілді. Түркі бағы, Рәміздер алаңы, Есімхан алаңына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сәні кіріп келеді. Көшелер мен саябақтарда ландшафттық жарықтандыру жүргізілді. Кіші Арбат аллеясында субұрқақтар жөнделді. Желілік саябақ су тоғандарын тазалау жұмыстары қарқынды түрде орындалды. 380 га аумақта ағаштарды дәрілеу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары атқарылды. Жоспарда тұрған және қала тұрғындары мен мекемелер тарапынан түскен өтініштер бойынша 11 245 дана ағашты санитарлық және авариялық кесу жұмыстары жүзеге асты. 45 саябақ, сквер, аллеяларда кіші сәулет мүсіндері мен саябақ құрылыстарында (орындық, жарықшамдар, мүсіндер, т.б), аяқжолдар мен балалар ойын алаңдары боялып, жөнделіп, қалыпқа келтірілді. Қураған, жерсінбей қалған ағаштардың орнына 9 200 дана ағаш көшеттері егілді.
Отырғызылған 200 мың түп гүлдің 110 мыңы көпжылдық. Астар, хризантема, сальвия, шафран, петуния, раушан гүлдері көшеге сән беріп тұр. Биыл 2021 жылмен салыстарғында 60 мың түп гүл артық егілді.Күз басталғалы 121 мыңға жуық түрлі жеміс, жапырақты, қылқан жапырақты ағаштар егіп жатырмыз. Олардың арасында шие, алма, өрік те бар. Қылқан жапырақты (қарағай, арша), декоратив ағаштар (айлант, ива, платан, қарағаш) егілуде. Алдағы кезде осылардың өніп-өсуі үшін күш жұмсаймыз. Ерте көктемде Түркістанның көшелерінде алқызыл қызғалдақтар гүл атып тұратын болады. Қалаға келген қонақтар да бұл сән-салтанатқа сүйсінері анық.
– Лайым, солай болсын. Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ж.ШАЛАБАЕВА.