Әлеумет Басты жаңалықтар Қоғам

Қызық қумады, арзымасқа ұрынбады…

Шырайлы Шымкенті Мархабатсыз көпке дейін жетімсірейтін болды-ау

Әлеуметтік желі арқылы жеткен жаман хабарға сенер-сенбесімді білмедім. Барлығымыз аптасына екіден хабарланып, қатарға қосылатын күнді асыға күткенбіз. Айға жуық бұрын «ішкі ағзаларым жаман емес екен, енді жүректі тексертемін» деген еді. Махаң мәдени іс-шаралар үстінде сұсты, былайырақта күлкісі бір қаралық көрінгенімен жүрегі өте-мөте нәзік, аяулы жан еді. Елуінші жылдарғы аш-жалаңаштық, жетімдік пен өтпелі кезең, алтындай асыл ұлынан айырылғанда түскен жаралар ақыры алып тынды…

Алғашқы әсер ұмытылмайды. Махаңды өткен ғасырдың жетпіс үшінші жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көрдім. Арықша, сүйкімді, монтайлы ауыл баласы. Түрлі жол, алуан тағдыр, мәнерімен келген жас жазушылар Жәлел Кеттебек, Ерсін Қойбағарұлы, Махаңды, бізді, талайларды табыстырған сол уақтағы Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы, өте-мөте кішіпейіл азамат Нәсіредин Сералиев ағамыз еді.

  …Байдулла Қонысбек пен Мархабат Байғұт әзілі жарасқан екі дүлдүл жиынның көркі еді. Бір-бірін қимады ма қайдам, ізбе із кете барды. Жанын жәнатта ете гөр, Алла!

Осыдан біраз жыл бұрын мен Махаң жайлы «Патефон үні» деген мақала жазып едім. Бұл мақалам еш жерде жарық көрмеді. Алда әлі талай асу бар, мерейтойлар күтіп тұр, сол кезде айтылар деуші едім. Мақамы бөлек, жазуы ерек Махаңнаң айырылып қаларымызды білдік пе?! Сонымен…

                                                      «ПАТЕФОН  ҮНІ»

«…Шашынан айранның, одан кейін күннің исі шығатын бойжеткен Нұрила торы атпен аудан орталығындағы интернатқа жіберуге он бес жасар інісі Ноқтабайды мінгестіріп, алдына шабаданын өңгеріп, тау ішіндегі қара жолда келе жатыр. Ауыл шетінде Ноқтабайдың кеудесінің әлдебір тұсы тыз-тыз етіп, артынша шоғайна тікен шаншылғандай ашиды. Қия беттегі андыздар пісіп, қарайып үлгеріпті. Жапырақтары Жақсыбайдың жаман тонындай қаудырлайды. Көбіне үнсіз Нұрила шетке аттап шықпаған інісіне оқта-текте ақыл айтады. «Өзіңе абай бол, бекем бол, Ноқташ. Біздің еркелететін кіміміз бар. Әкесі жоқ, шешесі ауру сені алмағанда кімді алады интернатқа. Шпана болып кетпе. Оқуың керек. Біздің Қоғалыдан да оқыған адам шықсыншы. Жақсы болмақ әсте-әсте, жаман болмақ бір пәсте. Адам жақсылыққа қарай баруы үшін Құлбайшоқының жотасына тырмысқандай қиналуы керек, жамандыққа ойға қарай домалаған сияқты…», — дейді. Үйде насиятқа жоқ әпкесіне Ноқтабай таңырқап: «Түбі осы ауылдың бастығы Нұрила болмаса неғылсын» деп ойлайды. Бұлар тас жолға жетеді. Тас жол қоғалылықтарды әлдебір құпиясы мол ұлан-асыр кең дүниеге шақырғандай еді…».  Содан кейін тікенек шаш Ноқтабай өткінші мәшинеге мініп, бейтаныс өмірге аттанып кете барады…

Жазушы Мархабат Байғұттың ілгергі «Интернаттың наны» атты шығармасы осылай басталатын. Балалық шақ әрдайым қызық, алайда өткен ғасырдың елуінші жылдары – біздің балалық шағымызда мейірім-шапағат, ынтымақ, ынсап, тәртіп көл-көсір, қазақ бұрынғы мыңжылдықтарша Күн мен Ай, Жер мен Су, Жаңбыр мен Жел, Қар ыспатты табиғат ризықтары аясында туып-өсіп, төрт түлегі, ит, тазы, тұзақ, қақпанымен, кешқұрым бір үйге жиналып қисса тыңдау, талай салт-дәстүрімен ғұмыр кешкен сұрапыл соғыс жарасы жаңа дегдіп, көктем шуағы молая бастаған мезгіл еді.

Махаңның балалық шағы жайлы жазған «Интернаттың наны», «Патефон», тағы басқа хикаялары Карамзиннің «Бишара Лиза», Огинскийдің «Полонез», Нәсіредин Сералиевтің «Қарағыз», Төлеген Момбековтың «Қосбасар», Әбдімомын Желдібавтың «Ерке сылқым», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» теңдес — нешеме ұрпақ тамсанар классикалық шығармалар. Мархабат студент шағында Бейімбет Майлин, Антон Чехов өнерінен, лирикалық проза шеберлерінен сусындап, өз қолтаңбасын қалыптап, әңгіме жанрының хас шеберіне айналды. Жаңа заман киліккенде көрнекті қаламгердің талайы алаңдап, лекпен бірге жортақтаған, иә тарихи тақырыптарға айналған мезет  Мархабат жүдә қыңбады: қиядан шалған құбылыс-оқиғаларға тайсалмай қоян-қолтық араласып, «Егемен Қазақстан» газетінде апта, ай аралатпай көсіле жазған мақалалары жарық көріп жатты.Кәсіпқойлық, Отанға деген жанашырлық осы болар.

                                                     ***

…Қарт Қаратаудың алып Алатаудан енші алған тұсы — жер жәннатындай Түркібасы өңірінің өткені мен бүгіні, мақсат-мұратын көркем шығармада өрнектеген перзентіне елі риза. Нұриланың арманы орындалды: Қоғалыдан-Пістеліден шыққан Ноқтабай — Мархабат Байғұт қазақ жұртшылығына есімі мәлім қаламгер. Өзі айтпақшы, «тау ішінен шаршап жеткен сиыр таңдай қара жол сияқты емес», алпыс жасқа, жетпіс жасқа жақсы келді, тың келді. Облыстағы ақын-жазушылардың көшбасшысы, дүниеден озған қаламгерлердің жанашыры, ағаға іні, ініге аға бола білді. Жазушының сыры тектілігінде, білімдарлығында. Ол көбіміздей қызық қумады, арзымасқа ұрынбады. Екі қолындағы ескектің бірі өкіметте, бірі қаламы болып, тең ұстап, қалыпты ғұмыр кешті. Ұлы жапон классигі Акутагава: «Нағыз дана өмір, өзің өмір сүрген қоғамды қаншалықты жек көргенмен ешқашан тыныштығын бұзбау» дегенде жазушы Мархабат Байғұттың табиғат-болмысын тап басқан сияқты.

Махаңмен 1975 жылғы Алматыда өткен «Жас жазушылардың республикалық кеңесінде» сол уақтағы қазақ әдебиетінің ақсақалдарымен  суретке түскеніміз бар. Қадірдан дос — Мархабат Байғұтқа, бізге, жетпісте мұрт қойып, сексен-тоқсанда бір кездегі өзіміздей өнерлі жастардың ортасында суретке түсуге жазсын» деп едім-ау…

Шырайлы Шымкенті Мархабатсыз қалды-ау… Күнгейдегі қала көпке дейін Махаңсыз жетімсірейтін тәрізді. Шырайлы шаһар классик қаламгерінен айрылған күні күңіреніп кеткенкендей болды. ҚОШ БОЛ, ПІСТЕЛІНІҢ БҰЛБҰЛЫ…

Есқара ТОҚТАСЫНҰЛЫ,

жазушы, Кентау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *